Саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтің айтуынша, Қытай мен «Бір белдеу, бір жол» жобасына қатысушы елдерді экономикалық ынтымақтастық, инвестиция тарту, инфрақұрылым, көлік байланыстарын дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру сияқты ортақ мақсаттар біріктіріп отыр.
«Қазақстан транзиттік қана емес, сонымен қатар халықаралық маңызы бар көлік хабына айналу міндетін қойып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Еуропаға экспортталатын жүктердің 85%-ы Қазақстан арқылы өтетінін атап өтті. Біздің еліміз әуелден «Бір белдеу, бір жол» мегажобасына бекер таңдалмаған. Өйткені, Қазақстанның географиялық орналасуы Қытай мен Еуропа арасында көпір болуға мүмкіндік береді. Бүгінде Қытаймен бірлесіп, Ляньюньгандағы логистикалық орталық, «Қорғас» құрғақ порты, батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға теміржол дәлізі сияқты ірі жобалар іске асты. Бұл «Бір белдеу, бір жол» жобасына қатысқанымыздың нәтижесі», - деді Қазбек Майгелдинов.
Саясаттанушы Қытай мен Қазақстан өндірістік қуаттарды дамыту бойынша да бірлескен жобаларды іске асырып жатқанын атап өтті.
«Бүгінде екі ел құны 21 млрд доллардан асатын 52 жобаны жүзеге асырып жатыр. Қытай біздің экономикамыздағы үздік 5 инвестордың қатарында. Өткен жылы екі ел арасындағы сауда 31 млрд долларға жетті, мақсат – 40 млрд долларға шығару», - деп тоқталды сарапшы.
Президенттің Қытайға ресми сапары барысында құны 16,5 млрд доллар болатын 30 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Қазбек Майгелдиновтің пайымына сай, аталған келісімдер Қазақстан экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады.
«Маркетплейстер – Қазақстан үшін өте маңызды. Қазақстандықтар Aliexpress, Pinduoduo, Taobao сияқты әлемдік ауқымдағы Қытай маркетплейстерінің қызметін пайдаланады. «Қазпошта» мен YTO Express Group арасындағы келісім онлайн-сауда, жеткізу және арнайы терминалдарды құруда перспективалар ашады. Қазақстан бұл тұрғыда алдыңғы қатарда болуы тиіс», - деп пікір білдірді саясаттанушы.
Қазбек Майгелдиновтің сөзінше, Қытаймен ынтымақтастық Қазақстан үшін үлкен мүмкіндікке жол ашады.
«Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы өңірдің экономикалық интеграциясын нығайтуға мүмкіндік береді. Бірақ кез келген ынтымақтастық өзара тиімді және екі жақтың мүдделерін құрметтеуге негізделуі керек», - деп түйіндеді Қазбек Майгелдинов.