Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай жалпыұлттық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласында «ҚХА-ның 30 жылдығы: қазақстандық этносаралық толеранттылық моделінің тәжірибесі мен даму болашағы» атты жалпыұлттық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Конференция жұмысына ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, орталық мемлекеттік органдар қызметкерлері, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Жиын барысында Евгений Кочетов ел бірлігі мен этносаралық келісімді нығайту – елдің тұрақты дамуының негізгі факторы екенін атап өтті. Ол бұл саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының айрықша маңызына тоқталды. Себебі жан-жақты талдау, сарапшылардың пікірі мен практикалық ұсынымдары өзекті сын-қатерлерді дер кезінде анықтауға, тиімді тәсілдерді қалыптастыруға және қоғамдағы өзара байланыстың жаңа үлгілерін енгізуге мүмкіндік береді.
Конференция ҚХА-ның 30 жылдығы аясында этносаралық қатынастарды дамытуға қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылауға арналды.
Іс-шара аясында Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы арасында ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат бірлескен зерттеулерді дамытуға, сараптамалық материалмен алмасуға, сонда-ақ жастар мен этносаяси тақырыптар бойынша бастамаларды іске асыруға бағытталған.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы — егемендік тарихындағы айтулы оқиға екенін айтқан болатын.