Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттегінің мәліметінше, заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 1,8% өсіп, 22,5 трлн теңгеге, ал жеке тұлғалардың депозиттері 1,3% артып, 28,4 трлн теңгеге жетті.
Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі де ұлғайған. Бір айда теңгедегі депозиттер 2,3% өсіп, 41,2 трлн теңге болды. Ал шетел валютасындағы депозиттер 1,5% азайып, 9,7 трлн теңгеге дейін төмендеді. Агенттік мұны, басқа факторлармен қатар, теңгенің АҚШ долларына қатысты 1,5%-ға нығаюы аясындағы қайта бағалаумен түсіндіреді.
Осының нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі де төмендеді. 2026 жылғы 1 тамызда бұл көрсеткіш 19,1% болды. Маусым айында долларлану деңгейі — 19,7%.
Сонымен қатар банктердегі депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелері де өзгерген. Банктік емес заңды тұлғалардың теңгедегі мерзімді депозиттері бойынша орташа өлшенген мөлшерлеме шілдеде 15,9% болды. Маусымда бұл көрсеткіш 16,2% еді.
— Ал жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлеме өзгермей, 14,7% деңгейінде сақталды. Банктердің меншікті капиталы да өскен. Шілдеде ол 1,9% артып, 11,4 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері банктердің капиталы 7,6%-ға ұлғайған, — делінген хабарламада.
2026 жылдың басынан бері банктердің таза пайдасы 1,396 трлн теңге болды. Дегенмен бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 14,9% аз.
1 тамыздағы жағдай бойынша банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 3,5%, ал капиталдың рентабельділігі (ROE) 23,2% болды.
Еске салайық, бұған дейін ел халқының банктерге қарызы 26 трлн теңгеден асқанын жазғанбыз.