«Қазақстан халқына» қоры «Самұрық-Қазынадан» әлі қаражат алмаған

«Қазақстан халқына» қорына аударылатын ақша қордың шоттарында резервке қойылған. Мұны брифингі барысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Мират Өтепов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ҚазАқпарат

«Бекітіліген ережеге сай, қор таза табысының 7 пайызы көлемінде ақша бөлуі керек. Бұл сома 67 млрд теңгеге тең. Ол ақша қордың шоттарында резервке қойылған. Қазір «Қазақстан халқына» қоры бірнеше жобаны бекітті, енді ішкі процестерін өткізіп жатыр. Оларға қай кезде ақша қажет болады, біз сол кезде қаражатты бөлуге дайынбыз. Әзірге сұраныс түскен жоқ. Оған дейін ақша айналымда болуы керек қой», - деп жауап қатты Мират Өтепов Kazinform тілшісінің сауалына орай.

Еске салайық, бұған дейін «Самұрық-Қазына» «Қазақстан халқына» қорына 2022 жылғы табысынан 66,6 млрд теңге бөлетінін жазып едік.