Қазақстан халқы 17 млн. 165 мыңнан асты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ел халқының саны 17 165,2 мың адамды құрады, оның ішінде қалалық жерде 9 450,1 мың (55%), ал ауылдық жерде 7 715,1 мың адам (45%) тұрады, деп мәлімдеді ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смайылов.

2013 жылдың басымен салыстырғанда, халық саны 255,4 мың адамға немесе 1,5%-ға артқан.

Республика халқының өсімі 2013 жылғы қаңтар-желтоқсанда 255,8 мың адамды құрады. 2012 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда, (237,9 мың адам) 17,9 мың адамға немесе 7,5%-ға артқан. 1000 тұрғынға шаққанда, табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 15,01 (14,18) құрады.

2013 жылғы қаңтар-желтоқсанда АҚАЖ органдары 393,4 (379,1) мың тууды тіркеген, бұл 2012 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 3,8%-ға көп. 1000 адамға шаққанда бала туудың жалпы коэффициенті 23,09 (22,69) құраған.

Қаралған кезеңде қайтыс болғандардың саны 137,6 (141,2) мың адамды құрайды, бұл 2012 жылдың қаңтар-желтоқсанымен салыстырғанда, 2,5 %-ға төмен. 1000 адамға шаққанда өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 8,08 (8,51) құрайды.