Қазақстан халқы Ассамблеясы Астанада «Этносаралық төзімділіктің қазақстандық үлгісі» ғылыми-оқу модулінің таныстырылымын өткізді

АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Әлемде экономикасы дамыған елдердің көпшілігі этносаралық татулық мәселесіне келгенде Қазақстаннан әлдеқайда артта қалады.

 Бұл пікірін бүгін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Этносаралық төзімділіктің қазақстандық үлгісі» ғылыми-оқу модулін таныстырған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Этносаралық төзімділіктің қазақстандық үлгісі» ғылыми-оқу модулі Академия базасында «Ұлттық және халықаралық қауіпсіздік: қауіп-қатерлер мен тәуекелдер» тақырыбында жұмыс істейтін біліктілікті арттыру курсы тыңдаушыларының назарына ұсынылды.

Модульдің негізгі мақсаты - ғылыми-теориялық және қолданбалы бағыттарды пайдалана отырып, этносаралық төзімділіктің қазақстандық үлгісі мысалында этносаралық қатынастар үрдістерін зерделеу, қазіргі заман жағдайында пайда болуы мүмкін қауіп-қатерлердің алдын алу болып табылады.

 Е.Тоғжановтың айтуынша, аталмыш модуль үстіміздегі жылғы қыркүйектің 23-25-і күндері Қазақстан халқы Ассамблеясының Ресей Федерациясындағы күндері аясында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінде де таныстырылып, ұлтаралық тұрақтылықты сақтау және оны дамытудың қазақстандық тәжірибесі ресейліктер тарапынан аса қызығушылықпен қабылданған.

Ғылыми-оқу модулін таныстыру бойынша семинарларды алдағы уақытта республиканың жоғары және басқа да оқу орындарында өткізу жоспарланып отыр.