Қазақстан халқы Ассамблеясы бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырды-«Айқын» газетінің бас редакторы Н. Жүсіп

АТЫ. 13 Қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Жақында Астана қаласында Қазақстан Халқы Ассамблеясының XVI сессиясы өтті.

Ассамблеяның Қазақстан қоғамындағы рөлі қандай, сессияда нендей өзекті мәселелер талқыланды, ұлтаралық бірлікті насихаттауда БАҚ қандай рөл атқарады, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына қандай жетістіктермен қадам басып келеміз? Осы және басқа да мәселелер төңірегінде Ассамаблея сессиясына қатысып, сөз сөйлеген қарымды қаламгер, журналист, "Айқын" газетінің Бас редакторы, Президент сыйлығының иегері Нұртөре Жүсіптің пікірін білген едік.

-Нұртөре аға, жақында Астанада өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының сессиясына қатыстыңыз. Сіздің пікіріңізше, Ассамблеяның біздің қоғамдағы рөлі қандай?

-Елімізде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге елдерге, мелекеттерге үлгі көрсетіп қана қойған жоқ, бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырды. Ассамблея мүшелері қашан да Қазақ елінің ынтымағы мен бірлігін жақтап келеді. Алғашқы референдумнан бастап, кешегі Ел бірлігі Доктринасына дейін Ассамблея осы өмірлік мәселелердің бел ортасынан табылды. Достыққа - дәнекер, ұлағатты істерге - ұйытқы болды.

Елбасы бір сөзінде: «Мені небір қиын күндерде де демеп жүретін халықтың қолдауы, Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың достығы. Біз қоғамда қалыптасқан саяси тұрақтылықты, ұлттар арасындағы ауызбіршілікті, ағайын арасындағы сыйластықты, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін көздің қарашығындай сақтауды балаларымыздың балаларына аманат етіп өтуге тиіспіз!», - деп атап көрсеткен болатын. Ассамблеяның бұл бағытта, еліміздегі бірлікті сақтауда маңызды рөл атқарып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Ассамблея өз міндетін орындап келеді. Соның арқасында Қазақстанда мекен етіп отырған ұлттар мен ұлыстардың достығы көрініс тауып отыр. Қазақстан дамуының бір модулі ретінде Ассамблеяның өз міндеті бар. Оның ішінде Қазақстанда мекендеп отырған әр түрлі ұлт пен ұлыстың өкілі өзінің мәдени және тарихи, этнографиялық өмірінен қалыс қалмай, осында өмір сүре отырып, өздерінің тарихи танымын байытуда, өздерінің мәдениетін, өнерін жоқтатпай отыр. Ассамблея Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің басын қосып, жан әлемінің бола ма, тағы да басқасының бола ма, көрініс табуына ықпал етіп, құрылым ретінде қызмет етуде. Оның елдегі тұрақтылыққа да, достыққа да ешқандай зияны жоқ деп есептеймін.

- Сіз Ассамблея сессиясында қандай мәселе көтердіңіз, көңіліңізге не түйдіңіз?

- Еліміздегі татулық пен береке-бірлікке қызыға қарап отырған, назар аударып отырған, әр түрлі көңілмен қарап отырған адамдар мен елдер баршылық екенін байқадым. Бұл сессия Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті алдында алыс-жақын шет елдердің басын қосқан үлкен мәртебелі жиын болды. Жиында бәріңізге белгілі қалың елге танымал адамдар сөз сөйлеп, Қазақстанда ұйысқан татулық пен тұрақтылыққа қызығушылықтарын білдірді. Қайғысы көбейген Әзербайжан елі Қарабах дамуынан кейін қаншама жерінен айырылып қалды. Сол елдермен салыстырғанда шынында да Қазақстанда береке де бірлік те бар, жақсылық та жоқ емес. Сол үшін тәубе етіп, тіл көзден сақтасын дедім. Шет елдерден келген мәртебелі қонақтардың барлығы да елімізге сүйсініп қарап, қызыққандай көрінді.

- Елбасы "Бір ел, бір ту, бір тіл, бір діл" қағидатын ұстану - жас ұрпақты елдікке, ерлікке жұмылдырады. Елдің бірлігі мен достығына жаңа мазмұн, жаңа серпін береді" деп жиі айтады. Бұл жайында сіздің пікіріңіз қандай және Қазақстан халқын біріктіретін басты фактор не деп ойлайсыз?

- Барлық Қазақстан халқын біріктіретін бірден-бір фактор - қазақ тілі. Қазақ тілі - ұлт пен ұлысты біріктіруші, ұйыстырушы, түсіндіруші, бір-бірімен ұғыстырушы құралға айналатын мемлекеттің ең басты тетігі. Мемлекеттік тіл арқылы түсінісе білсе оңай әрі жеңіл болады. Сондай күнге жетсек, Ата Заңымыздағы мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесін толық орындауға мүмкіндік болады деп есептеймін.

Қазақстан Республикасын мекендеп отырған 16 миллион халықтың тағдыры бір, өмірі бір, тіршілігі бір, мұңы бір, соның барлығы Елбасы айтқандай, бір ел, бір ту, бір тіл, бір діл қағидаты бойынша жүруі керек. Сол кезде Қазақстан халқының достығы берік, ынтымағы мықты болады. Осы қалпын одан сайын берік қылатын бірден-бір жол - мемлекеттік тіл, барлығымыз қазақ тілі арқылы түсінісуіміз керек. Еліміздің жетістіктерін жоққа шығармай, соны баянды етуіміз, Тәуелсіздікті баянды етуіміз керек. Тіл мен Тәуелсіздік екеуі егіз ұғым, тұрлаулы ұғым. Ең басты дүниелер осы мәселелерге келіп тіреледі. Бұл мәселелер шешілгенде тыныштық та, тұрақтылық та, береке де, мереке де болады.

-Сіздің ойыңызша, Бұқаралық ақпарат құралдары ұлтаралық бірлікті насихаттауда қандай рөл атқарады?

- Бұқаралық ақпарат құралдары еліміздің татулығын, береке-бірлігін аз жазып жатқан жоқ. Оның ішінде қазақ тілді басылымдар тәуелсіздік алған күннен бастап қазақ мемлекетінің тілеуін тілеп келе жатыр. Мен көп басылымдарды қазақ мемлекетінің жоғын жоқтап келе жатқандар деп есептеймін. Қазақ басылымдары қиын кезеңдерде, реформалардың ауыр күндерінде жұбату сөзін айтса, қазіргі таңда халықты жеңіске, бір белесті бағындыруға үндеп, жігерлендіру сөзін айтып отыр. Олар қашанда қазақтың жанынан табылап жатыр, қашанда қазақтың сөзін айтып отыр, кемшіліктерді де, жетістіктерді де айтады, жанашырлықпен айтады. Қазақ баспасөзінде өшпенділік жоқ. Жанашыр, тілек, тілеулес пиғылменен айтуда. Былайша айтқанда, баспасөздің бүгінгі тегеуірінділігі де, пәрменділігі де осында жатыр деп білемін. Қазақ баспасөзін қазақ халқына қызмет етіп отыр, қазақ халқының ертеңіне қызмет етіп отыр, қазақ халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап отыр деп білемін. Сондықтан Ассамблеяның қызметі болсын, басқа да халықтық мәселелер болсын, халықтың достығы мен ынтымағына қатысты мәселелердің барлығы да қазақ тілді баспасөзде жақсы жазылып келеді.

Орыс тілді басылымдар бұл дүниеге алғашқы кезеңдерде мұрын шүйіре қарады. Сонымен қатар оларда алғашқы жылдары мемлекеттік тілге менсінбей қарау, оны кекетіп-мұқату, ашық табалау болды, «бұлар ел болмайды, еңбектеп Ресейге қосылады» деген сынды көптеген пікірлер жарияланды. Ал қазір орыс тілді баспасөздің қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, ал қазақ халқын осы елдегі мемлекет құраушы ұлт ретінде мойындап, ол халықтың көңілінен шығуға тырысатындығын аңғаруға болады.

-Бұл бағытта Сіз басқаратын "Айқын" газеті қандай жұмыстар атқаруда?

- «Айқын» газеті де ұлтаралық бірлікті насихаттауда қалыс қалып жатқан жоқ.Айқын республикалық газет болғандықтан әрі аптасына бес рет шығатындықтан, біз күнде республиканың өмірінде болып жатқан барлық оқиғадан халықты хабардар етіп отырмыз. Барлық ірі оқиғалар, Астанадан ауылға дейінгі аралықтағы үлкен-үлкен дүбірлі жиындар, басқа да мәселелер газет бетінен күнделікті көрініс тауып жатады. Ең бірінші - ақпараттық бағыт, екінші - ағартушылық-танымдық бағыт бойынша және бірнеше жақсы айдарларымен халыққа жақсы қызмет етіп отыр деп ойлаймын. Барлық өмірлік мәселені айту, оқырманның сұранысын қанағаттандыру бағытында жұмыстар жасап жатырмыз.

- Тәуелсіздігімізге 15 жыл толған Ассамблеяның сессиясында Н.Назарбаев: "15 жылда аю да қазақша сөйлейтін уақыт жетті" - деген еді. Биылғы сессияда да мемлекеттік тілдің мәртебесі сөз болды. Шынында қоғамда әлі күнге дейін қазақ тілі - мемлекеттік тіл ретінде өз дәрежесінде қолданылмай келеді? Мемлекетік тілдің мәселесі неліктен шешілмей келеді деп ойлайсыз?

- Елбасы осы сесияда "Қазақстанда тұратын 16 миллион халық қазақ тілінде сөйлейтін кезді аңсаймын, армандаймын" деді. Бұл сессияда айтылған аталы сөздің бірі осы болды деп білемін. Шынында түпкілікті елдің елдігі - айналып келгенде бір тілде түсінісуіне келіп тіреледі. Осы тұрғыдан алғанда Ассамблеяның көтерген жүгі де, ондағы Елбасы сөзінің салмағы да осы мемлекеттік тілге жаңа бір мазмұн бергендей көрінді. Онда орыс тілді ағайындарға да, өзге ұлт өкілдеріне де Елбасының баса айтқан нәрсесі «Біз 20 жыл уақыт бердік, ешкімді көзге шұқыған жоқпыз, кеудеден итерген жоқпыз, тіл үйренуге барлық жағдайды жасадық, ал енді сөйлейтін болсаң, өзіңді мәжбүрлеп, қинап сөйлеме, қазақ халқын құрметтеп сөйле» деді. «Қазақ халқы сондай құрметке татитын халық» деп баса айтты. Бұл Ассамблеяның үлкен жетістігі, көрінісі деп ойлаймын.

Ал тілге келетін болсақ, менің ойымша, тіл мәселесі кезең-кезеңімен жүйелі шешіліп келеді. Тiлге қатысты көп сөзден гөрi, айқын да нақты iстер керек. Қазақстанда тiлдi дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Ендiгiнiң бәрi өзімізге байланысты. Қазақстан Тәуелсіздік алғанға дейін ел оқушыларының 22 пайызы ғана қазақ мектептерінде оқыған болса, қазір мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар саны - 77 пайызға жетті. Соңғы 19 жыл ішінде жаңадан 1000-ға тарта қазақ мектебі ашылды. Қазіргі таңда отыз мыңға жуық басқа ұлт өкілдерінің балалары қазақ мектебінде оқып жатыр. Бұл - шын мәнінде үлкен жетістік. Соңғы Халық санағында «мемлекеттік тілді білемін» деген адамдардың саны 65 пайыз болды. Соның 57 пайызы «қазақша оқи аламын» деген екен. Діні бір, ділі бір өзбек, ұйғыр, түрік, әзірбайжан, татар, қырғыз, башқұрт халықтарын қоса алсақ, олардың қатары арта түседі. Яғни, бұл азаматтардың көпшілігі мемлекеттік тілді біледі, түсінеді деген сөз.

Қазақ тілін меңгеру ісінде бiздiн мемлекеттік қызметшілер Президентімізден үлгі алуы тиіс. Елбасы қазақ тiлiнде майын тамызып сөйлейді, орыс тiлiнде сөйлейді, елуден асқанда ағылшын тiлiн үйренiп алды, Украина еліне барғанда украинша сөйледі. Менің пікірімше, ол үшін бізге қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті мемлекеттік тіл қажет. Ол жөніндегі ұсыныстарымды осы сессияда мәртебелі мінберді пайдаланып, Елбасына айттым. Қазір жаңа технологиялар заманы. Кез келген адам өз үйін, өз қаласын, қажетті координаттарды, басқа да деректерді интернет арқылы алуға аса қолайлы, сондықтан, GPS (global position system) жүйесін іске қосу қажет дедім. Сонымен қатар, бүгінде қазақ латын код парағын алды, бірақ ол жаппай қолданысқа қосылған жоқ, соны Қазақстандағы әрбір компьютерге кіргізу керек. Орфографиялық көмекшілер, мысалы MSWord мәтіндік редакторы қателерді автоматты түрде түзететін болады. Қазақ тіліндегі sms-ақпараттарды, электронды поштаны жер шарының кез келген түкпіріне жіберуге мүмкіндік туады. Үшіншіден, бұл үшін АВС-net /эй-би-си нет/ негізіндегі қазақ әліпбиін IT-технологиялар саласына тездетіп енгізген дұрыс. Ол электрондық карта, электрондық банкинг, электрондық коммерция, e-mail, SMS жазбаларды реттеп, дауыс тану, роботтық технологиялар мен жасанды интеллект мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді. Осындай әліпби мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің беделін көтеріп, өзге ұлт өкілдерінің балаларына кең жол ашады. Бұл ұлтаралық қатынасты, іргесі берік достықты бекітудің осы заманғы бірден-бір озық әдісі болады деп сенемін. Ал қазақ тiлiнiн болашағына күмәнмен, күдікпен қарайтын пессимистерге айтарым: «осыған дейін жойылмаған қазақ тілі өз елі, өз Мемлекеті барда ешқашан жойылмайды».

-Келесі жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтеміз. Уақыттың парқын пайымдап, жеткен жетістіктерді сарапқа саламыз. Сіз үшін 20 жылдың ішіндегі ең басты жетістігі не?

- Мен үшін, әрбір қазақстандық үшін де, жүрегі елім деп соғатын әр қазақ үшін 20 жылдағы ең басты жетістігігіміз - еркін де егемен Ел болғанымыз, бүкіл адамзат таныған, мойындаған әрі құрметтейтін Мемлекет құрғанымыз. Егемендігімізді баянды етудің берік қамалы, елдік пен мемлекеттіліктің еркін самалы, толағай табысымыздың толымдысы, барлық атқарып жатқан істеріміздің болымдысы - осы Тәуелсіздік.

Тәуелсіздік ең алдымен ұлттың беделін орнықтырды. Тәуелсіздік - Тілдің беделін орнықтырды. Соның арқасында қазақ тілі - Мемлекеттік тіл мәртебесін иеленді. Сонымен қатар Тәуелсіздік - Діннің беделін орнықтырды. Соның арқасында имандылық пен рухани құндылықтар қайта оралды.

«Елу жылда - ел жаңа» дейді қазақ. Қазақ қоғамы 50 жылда емес, 20 жылға жетпей-ақ жаңарды. Жаңа тұрпатты, жан-жақты жетілген жаңа ұрпақ қалыптасты. Қазақстан атты қуатты, жас та өршіл мемлекет өркениет көшіне қарқынды қадам басты. Бүгінгі таңда кең-байтақ Отанымызда ұрыс жоқ, ырыс бар. Берекеміз де, мерекеміз де бар. Ол - осы бірліктің арқасы. Ынтымақтың арқасы. Достық пен өзара жарасымның арқасы. Талай қиындыққа төзе білген қазақтың арқасы. Қазақты түсіне білген туыс-бауырлардың да арқасы.

Тоқсаныншы жылдары Қазақстандағы жағдай мүлдем басқа, өте күрделі еді. Дәл бүгінгідей жағдай тіпті түсімізге де кірмейтін. Өмір тез өзгерді. Өзгергенін көзі көрді. Бүгін Қазақ намысқа тырысып, әлем халықтарымен бәсекеге түсіп отыр. 1991 жылдан бастап Елбасыны әлем тани бастады, Президентіміз арқылы бүгінде елімізді бәрі таниды. Дүниежүзі қазақ дейтін халықтың бар екенін білді. Әлем картасынан Қазақстанды, оның елордасы - Астананы жазбай танитын болды. Сол кездері Елбасы «Біз үйренетін ұлттан үйрететін ұлтқа айналуымыз керек», «Тәуелсіздікті күн сайын қорғау керек, ай сайын қорғау керек, жыл сайын қорғау керек, нығайту керек, өркендету керек», деп айтқан болатын қазақ газеттеріне берген сұхбатында. Сондықтан ата бабаларымыз армандаған Тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын деп тілейік. Еліміз асықпай, нық қадаммен жүріп, жасай берсін!

- Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылығыңызға табыс тілеймін!