Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасы идеяларының жеткізушісі болуы тиіс

АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Халқымыздың әрбір азаматы барлық жерде өздерін жайлы сезініп, «менің Отаным - Қазақстан!» деп мақтанышпен айта алатындай болуы үшін - Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент идеяларының жеткізушісі болуы тиіс.

Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының Елбасы Жолдауын талқылауға арналған кеңесі барысында «Ұйғырлардың республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Ахметжан Шардинов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы Жолдаудағы мәселелерді барлық ауылдарға, елді мекендерге жеткізу жұмыстарын жасауы тиіс.

«Түкпір-түкпірдегі ауыл тұрғындары біздің Қазақстандағы жағдай туралы ақпаратқа қанық болуы, біздің экономиканың ілгерілеуіне ортақтасуы, Отанымыздың қандай екендігін білуі үшін бізге жергілікті жерлерде тұрғындармен, жастармен жұмыс жасап, аянбай еңбек ету қажет», деп атап көрсетті ол.

«Біз, барлығымыз алдымызда тұрған экономикалық міндеттерге атсалысуға тиіспіз», дейді ол.

А. Шардинов кеңес барысында Ассамблея үшін ең негізгісі ұлтаралық келісімді сақтау болып қала беретінін еске салды.