Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамда алар орны нық, атқарар ісі тиімді әрі жемісті екендігін көрсеткен ұйым - Қ.Ғабдуллина

АНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат/Марлан Жиембай/ - 1995 жылғы  наурыздың 1-інде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы» Жарлығына сәйкес іргесі қаланған ұйым этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік және  ұлттық саясатты жүзеге асырушы маңызды құрылым  ретінде бағаланып отырғаны шындық.

Сонымен қатар, елімізде мекендейтін барлық этностардың өзара қарым-қатынасын қамтамасыз етуде де тиімді құралға айналып отыр, дейді әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, ҚХА жанындағы Ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшесі Қанапия Ғабдуллина.

Өз қызметін бастағанына 14 жыл болған құрылым осы уақыт аралығында этносаралық келісім саласында айтулы табыстарға жетіп, азаматтардың этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан,  құқығы мен бостандығын сақтаудағы басты кепіліне айналғанына қазақстандықтармен қатар әлем жұртшылығы да куә. Аз уақыттың ішінде өзінің беделді, қоғамда алар орны нық, атқарар ісі тиімді әрі жемісті екендігін көрсеткен ұйым қызметінің арқасында еліміздегі этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласында бейбітшілік пен келісім үлгісі сақталды. Сондай-ақ бауырына 130-дан астам ұлт өкілдерін басқан Ассамблея Біріккен Ұлттар Ұйымының баламасы ретінде аталуы да осы ұйымның беделін, мәртебесін көрсетеді.

«Осыдан 1 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен 14-ші пленарлық мәжілісінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Біздің ортақ Отанымыз - Қазақстанның қазіргідей қарыштап дамып отырғаны елімізді мекендеуші барлық этностардың ынтымағы мен бірлігінің арқасы. Тәуелсіздігіміздің тұғырының беріктігі де, еліміздің жаңа белестерге шығатыны да біздің осы қоғамдық татулығымыз болып саналады. «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады», деген халық. Шындығында бүгінде біздің барлығымыздың көзіміз осыған жетіп отыр. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы осы айтып отырған тұрақтылық пен тұтастықты сақтаудың берік тұғырына айналды. Ол 13 жыл ішінде өзінің өміршең іс-әрекетімен өзге елдерге де үлгі-өнеге бола білді», деп атап көрсеткен болатын. Расында да бірлігі мен тірлігі, ынтымағы мен ауызбіршілігі, пейілі мен көңілі жарасқан еліміздегі барлық этностар қазақ мемлекетінің гүлденуіне өз үлестерін қосуда», дейді Қ.Ғабдуллина.

Қ.Ғабдуллинаның айтуынша, ХХI ғасыр ғаламшар тұрғындарының алдына ұлтаралық татулыққа, ынтымаққа, бірлікке байланысты іргелі мәселелерді қойып отыр. Өмір алуан түрлі түрлену сатыларынан өтіп, тұтасу, бірігу, кірігу, жаһандану дәуіріне қарай қадам басып келеді. Әлемде болып жатқан өзгерістер бүкіл дәстүрлі салалардың барлығына өз әсерін тигізіп отыр. Осы орайда елімізде де басқа да көптеген елдерді толғандырып отырған болашақ бағдарымыз, жаһандану үрдісінде алатын орнымыз қандай болмақ деген мәселелер күн тәртібіне қойылып келеді. Себебі біздің елдің ұлттық құрамы, демографиялық кескіні басқа мемлекеттерге қарағанда біршама күрделі.

«130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдерінен тұратын Қазақстан халқы бүгінін саралап, болашағын бағдарлау арқылы өзінің бірегей табиғи болмыс-бітімімен өркениетті елдердің қатарына қосылып отыр. Сондай-ақ ұлттық тәрбиенің мәні мен маңызына да баса көңіл аударып келеді. Әрбір ұлттың өзіндік тарихы, рухани және мәдени төлтума қасиеттері болатындығын ескерсек, аталған жайттарды дамытуда, жастарға тәлім-тәрбие беруде, адамгершілік ізгілік қасиеттерге баулуда Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық мәдени орталықтарының қосатын үлесі зор екендігі айқын. Ұлттық құндылықтар жалпы адамзаттық құндылықтармен үйлесімін тауып, ұштасып жатса, ұтпасақ ұтылмас едік», дейді профессор.

Ғалымның пікірінше, көпұлтты Қазақстанда азаматтық қоғамды қалыптастыру және дамыту барысында тек қана ұлттық мүдде емес, жалпыадамзаттық мәндегі құндылықтар - бостандық, теңдік, әділдік, заңдылық, ұлтаралық татулық, демократиялық консенсустық принциптер болуы шарт. Ғалымдардың ойынша, Қазақстандағы азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара әрекеттесуі аралас үлгіде қарсыластық, әріптестік, ынтымақтастық принциптері қатар жүруімен жүзеге асуда деген түйінге келеді. Сонымен, Қазақстан көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет. Елдегі экономика, әлеуметтік қатынас, мәдениет пен өркениетке ерекше ықпалын тигізіп отырған жаһандану - өмірдің барлық саласын қамтып отырған үлкен күрделі үрдіс.