«Жексенбіден бастап Нұр-Сұлтан қаласының «Достық» үйінде гуманитарлық көмек жинала бастады. Қостанайлықтарға көмекке қаладағы этномәдени бірлестіктер, ҚХА жанындағы кәсіпкерлер қауымдастығы, қарапайым тұрғындар мен меценаттар қол ұшын созып отыр. Нәтижесінде 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды. Тағы да көмек көрсетемін дегендерге құрылыс материалдарының керектігін айтып жатырмыз. Мүмкін болса, қайырымдылық қорларының шотына ақша аударуды да сұраймыз. Төтенше жағдайда адамдардың бір-біріне көмектесіп, қолдауы өте маңызды», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов.
Оның айтуынша, өткен демалыста елорда алғашқылардың біріп болып, қостанайлықтарға 8 жүк көлігімен азық-түлік жіберді. Ендігі уақытта құрылыс материалдарына сұраныс артып отыр.
Сондай-ақ, ҚХА жанындағы кәсіпкерлер қауымдастығы өрт салдарынан зардап шеккен жандарға үй салуда көмекке дайын екендіктерін жеткізді. Одан бөлек, қауымдастық өкілдері Қостанай жұртына заң жағынан тегін кеңес беруге дайын.
Қайырымдылық шараны ұйымдастырушылардың мәліметінше, Қазақстан халқы Ассемблеясы биыл елордада 22 қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, 1 мыңнан астам адамға көмек көрсеткен.