Аталмыш шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және Мемлекеттік басқару агенттігінің өкілдері мен Парламент депутаттары сондай-ақ ғалымдар мен мемлекеттік қызметшілер қатысты. Жиын барысында бүгінгі қол қойылып отырған меморандумның мақсат-міндеттеріне тоқталған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, 2009 жылы Мемлекеттік басқару академиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы арасында келісім-шарт жасалды. Мұндағы мақсат - академияда білім алатын мемлекеттік қызметкерлерге этносаралық, конфессияаралық қарым-қатынасқа қатысты нақты ғылыми тұжырымдарды жеткізу болатын.
«Ал бүгінгі қол қойылып отырған құжаттың мақсаты - мемлекеттік қызметкерлер мен энтомәдени бірлестіктердің жетекшілерін этникааралық, конфессияаралық келісімге оқыту мен қайта дайындау. Біз этникаралық, конфессияаралық қарым-қатынастардың нәзіктігі мен оның ерекшеліктерін теория тұрғысынан емес, тәжірибе негізінде де үйретуіміз керек. Біз қолға алып отырған шараның мемлекеттік тұтастығына тікелей әсер ететіндігіне сенімдіміз»,-деді Е.Тоғжанов.
Ал Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсіловтың айтуынша, еліміздің мемлекеттік қызмет істерін дамыту жөніндегі стратегиясының негізгі мақсаттарының бірі - кәсіби мемлекет құру. «Осы мақсатта Мемлекеттік басқару академиясының міндеті қоғамның барлық әлеуметтік топтарының сұраныстарын ескере отырып, соған лайықты жауап беретін мемлекеттік қызметкерлерді даярлау. Мемлекеттік қызметкерлер этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы үдерістер мен құбылыстарға дұрыс баға беріп, тиісті шешім қабылдай білулері керек. Сондай-ақ олар азаматтық қоғам өкілдерімен әріптестік орнатып, олардың да біліктіліктерін арттырып отырулары қажет. Бұл басқарудың тиімді тетіктерінің бірі»,- деп атап көрсетті ол.