Қазақстан халқы Ассамблеясы - тұрақтылық пен келісім институты
дейді Павлодардың Достық үйінде осынау атаулы мерейтойға арналып өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар.
Аймақтың этномәдени орталықтарының жетекшілері өз қызметтерінің қорытындыларын шығарып, алдағы уақытта атқаратын жұмыстарының басымдықты бағыттарын нақтылады. «Қазақстан халқының облыстық Ассамблеясы қоғамдағы тыныштық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған ұлысаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз ту жөніндегі жұмыстың мол тәжірибесін жинақтап отыр», - деп атап көрсетті аймақтық Ассамблея төрағасының орынбасары Идият Әбдіхалықов.
Аймақтың этномәдени бірлестіктері өткен жылы 100-ден астам концерттер мен фестивальдер, көрмелер мен мәдениет күндерін өткізді. Ұлттық өркендеу мектебі белсенді қызмет етуде - мектептің 16 ұлттық сыныбында 550 бала өз ана тілдерін үйренуде. Ал Ассамблеяның осыдан тоғыз жыл бұрын құрылған жастар бірлестігі өскелең ұрпақты патриотизмге және өзге халықтың мәдениетін құрметтеуге баулуды өздерінің басты мақсаты деп біледі.