Қазақстан халқы Ассамблеясы - тұрақтылық темірқазығы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Eлбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында: «2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы» деп көрсетті. Елбасы атап көрсеткен белестердің бірі - көпұлтты, алуан дінді халқымыздың бүгінгі тату бірлігі мен тірлігіне кепіл болып отырған беделді ұйым - Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының тұрақтылықты сақтауда рөлін жиі айтады. Мәселен, биылғы Жолдауында: «Біздің басты мақсатымыз - 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына кіру. Бұған қажетті білімді адамдар, ұйысқан ұлт, бәрі бар, Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес. Ендеше Ассамблея - барша қазақстандықтардың мүддесі», деген болатын. Ал «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Біз қазақ халқына, біздің мәдениетіміз бен тілімізге қатысты тарихи әділдікті қалпына келтірдік. Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім - біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған», - деп, ал Қазақстан халқы Ассамблеясын «мәдениеттер үндесуінің бірегей еуразиялық үлгісі болды» деп атап өткен болатын.

Биыл осы ел өмірінде өзіндік маңызы бар ұйым - Қазақстан халқы Ассемблеясының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Бұл жылдың ел тарихындағы мән-маңызы туралы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚХА-ның мүшесі, «Қазақ тілі - мемлекеттік тіл» бірлестігінің төрайымы - Асылы Осман: «Әрбір жылдың өз ерекшелігі болады. Биылғы 2015 жыл тіпті ерекше. Олай дейтінім, Қазақстан халқы Ассамблеясына - 20 жыл, Қазақ хандығына 550 жыл, Ұлы Жеңіске 70 жыл, Ата Заңымыздың қабылданғанына 20 жыл. Адам баласы дүниеге келгенде мәнді де, маңызды өмір сүру үшін келеді. Мәнді өмір сүрудің тетігі адамгершілік пен ізгілікке негізделеді. Менің ойымша, адам баласына лайық бар жақсылық пен ізгілік, өнегеліктің бәрі менің қазағымның бойында бар. Әр адамның елі, жері, Отаны үшін еңбек еткені оның ізгілігі. Сондықтан, Ассамблеяның 20 жылдығын өзге мерекелермен қатар тойлап отырған қазағымның ниеті ізгі!», - дейді. Ассамблеяның 20 жылдығына орай елімізде әр түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Тек өткен жылы ғана Ассамблея 10 мың іс-шара ұйымдастырып, оларға 3,5 миллионнан астам адам қатысты. Көптеген өңірлерде Достық үйлері құрылып, жұмыс істеуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астанада «Бейбітшілік және келісім сарайы» салынды. Мұнда жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары, әлемдік дәстүрлі діндер съездері, өзге де маңызды іс-шаралар өтеді. Ассамблеяны 2020 жылға дейін дамыту Тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Мұның өзі Ассамблеяның ел өміріндегі алатын маңызын айқындайды. Ал, Ассемблеяның да ел өміріндегі, оның бүгіні мен болашағына қосар үлесі ауқымды. Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрмесі мен Алматыда өтетін Универсиада-2017 сияқты аса ірі халықаралық шараларға дайындыққа қатысу бойынша өзінің нақты іс-қимыл жоспарын дайындауда. Бұл шараларда Ассамблеяны насихаттау арқылы әлемге еліміздің полиэтностық толеранттылығын, бейбітшілік пен келісім жағдайындағы еліміздің жетістіктерін көрсетуіміз керек. Қазіргі таңда Қазақстанда 140 этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Олардың ана тілімізді құрметтеуі, татулыққа үндеулері мен отансүйгіш сезімдері қоғам өмірінде айқын көрініп тұрады. Әсіресе, мемлекеттік тілде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің қатары күннен күнге артып, қазақ тілін дамытуға оң үлес қосуда. Әлемді шарпыған жаһандану жағдайында мемлекетіміздің тұрақты дамуы үшін ең алдымен, ішкі татулық пен тұтастықтың керек екендігі анық. Ал, еліміздің Ассамблеяның атқаратын ең басты қызметі де осы татулықты сақтап, өзге ұлттардың қазақ халқының төңірегіне топтастыратын күшке айналып, мемлекеттік мүддені ту етіп, татулық пен тұрақтылықтың темірқазығы болуы керек.