Қазақстан халқы Ассамблеясы ҰОС кезіндегі қазақстандықтардың ерлігі туралы кітап шығарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы ҰОС кезіндегі қазақстандықтардың ерлігі туралы кітап шығарады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Наталья Калашникова мәлім етті.

Белгілі болғандай, үш томдық кітаптың авторы - ҚХА мүшесі, қазақстандық жазушы ҰОС ардагері Леонид Гирш. 5 мамырда Алматыда аталған кітаптың таныстырылымы өтеді. Онда Л. Гирш соғыс кезіндегі қазақстандық сарбаздардың ерлігі туралы кеңінен баяндап беретін болады.

Наталья Калашникованың айтуынша, сонымен қатар соғыс уақытында шыққан газеттердің беттерінен «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтар» атты кітап-альбомы дайындалуда.

Леонид Гирш Сталинград шайқасының қатысушысы, бес орденнің және 35 медальдің иегері, соғыс кезеңі туралы көптеген еңбектердің авторы.