Қазақстан халқы Ассамблеясының беделі 85 пайызға артты - Е.Тоғжанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында елордалық Тәуелсіздік сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистері мен сарапшылары клубының отырысы өтті.

Отырыста сөз алған ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов Ассамблеяның қоғамдағы рөлін атап өтті. «Соңғы әлеуметтік деректер бойынша Ассамблеяның беделі 85 пайызға артты. Бұл керемет нәтиже. Қазақстан мен халықаралық кеңістікте болып жатқан саяси үрдістер геосаяси өлшемде күллі әлемге Н.Назарбаевтың үлгісі - келісім, бірлік үлгісі сәтті енгізілгенін тағы бір мәрте растады. «100 қадам» жоспарының аясында ҚХА алдына қойылған міндеттер көп. Бұл еліміздің біртектілік пен бірлік реформалары. Бұл жұмыстардың барлығы ҚХА-ына жүктелді», - деді Е.Тоғжанов. Отырыс барысында Ұлт жоспарын ақпараттық сүйемелдеу контексінде журналистік қауымдастық алдында тұрған жаңа міндеттер талқыланды. Шараның соңында клуб мүшелерін, республикалық, аймақтық БАҚ журналистерін «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапаттау салтанатты рәсімі өтті.