Шара ауқымында референдум өткізуді қолдаған Қазақстан халқы Ассамблеясының ел азаматтарына Үндеуі қабылданды. ҚазАқпарат Үндеу мәтінін жариялайды.
Қымбатты отандастар!
Қадірлі азаматтар!
Үстіміздегі жылы 23 желтоқсанда Өскемен қаласында Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың республикалық жиналысы болып өтті. Республикалық жиналысқа қатысқан 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларынан келген 850 делегат бастаманы бір ауыздан қолдады.
Олардың қатарында танымал қазақстандық ақын Олжас Сүлейменов, генерал-лейтенант, «Халық қаһарманы» орденінің кавалері Бақытжан Ертаев, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени орталықтардың басшылары, танымал қоғам қайраткерлері бар.
Республикалық референдум өткізуге дайындық жөніндегі Қазақстанның барлық өңірлерін қамтитын 320 адамнан құралған бастамашы топ ұйымдастырылды. Оның төрағасы болып Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сайланды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі бастаманы бір ауыздан қабылдайды және толық қолдайды.
Біз мұның мемлекеттің келешекте тұрақты дамуы үшін, еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің артуы үшін және Қазақстан халқының игілігі мен өсіп өркендеуі үшін қажет екендігіне айқын сенімдіміз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президенті ретінде өкілеттілігін 2000 жылға дейін ұзарту жөніндегі жалпыхалықтық референдум өткізуге бастамашылық жасағаны белгілі.
Қазақстан халқының экономикалық, әлеуметтік прогресс жолында, демократиялық мемлекет құруда түбегейлі өрлеу жолына түсуіне мүмкіндік берген бұл қадамның дұрыстығын тарих дәлелдеді.
Бүгінде Қазақстан Елбасының басшылығымен ауқымды әлемдік экономикалық дағдарысты нық еңсерген кезде, елімізде нәтижесі Қазақстан халқының талай ұрпағының тағдырын айқындайтын жеделдетілген индустриалды-инновациялық дамудың жауапты кезеңіне аяқ басқан кезде, Қазақстан халқы Ассамблеясы - елді, халықты қандай қыйлы жағдайлардан абыроймен алып шыққан, тарихи өлшемдегі міндеттерді шешу қабілетін ісімен дәлелдеген көшбасшыға сену дұрыс деп біледі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында, оның бірқатар мүшелері өз баяндамаларында еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасының өкілеттілігін мемлекеттік стратегиялық бағдарламалар аяқталғанға дейін ұзарту туралы бастама көтерген болатын. Баяндамаларда Нұрсұлтан Әбішұлының Тәуелсіздігімізді орнатудың басында тұрғандығы, қазақстандық даму жолын айқындаған, тағдырлы шешімдердің оның атымен тікелей байланысты екендігі атап өтілді. Тарихи өлшем бойынша қысқа мерзім, небәрі жиырма жылдың өзінде жаңа мемлекет құрылып, Қазақстан таңданарлық жетістіктерге қол жеткізді және бұл орайда бізге осы даму қарқынын жоғалтуға болмайды. 2030 - Стратегиясында және 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында көрініс тапқан белді міндеттер - Қазақстанның келешектегі өсіп-өркендеуінің кепілі. Ассамблея осы бағдарламалардың жүзеге асырылуын Елбасының басшылығымен ғана көреді.
Мұны, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси жетістіктерінің айшықты мойындалуы болған 56 қатысушы ел бірауыздан қолдау білдірген Астанағы Саммиттің өткізілуі паш етті. ЕҚЫҰ-ға төрағалық Қазақстанның Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен өрісті мемлекет ретінде орныққанын ғана емес, оның ғаламдық қауіпсіздік пен әріптестікті қамтамасыз ету ісіне лайықты үлес қосқан, абыройлы аймақтық державаға айналғанын көрсетті. Бұл жаңа Қазақстанның сәулетшісі мен құрылысшысы - Президент Н.Ә.Назарбаевтың керемет қызметінің жарқын нәтижесі, оның әлемдік өлшемдегі көшбасшы екендігінің айқын дәлелі!
Бұл - біздің Президентіміз бен Қазақстан халқының сөзсіз жеңісі!
ЕҚЫҰ Саммитінің сәтті өткізілуі азаматтардың патриоттық сезімін асқақтатып, біздің қоғамның бірлігін нығайта түсті, еліміздің әрі қарай экономикалық және саяси өркендеуінің қуатты негізі болды.
Біз барлығымыз бірлесе отырып, Елбасының басшылығымен бақуат, өсіп-өркендеген және барша әлемге танымал - ҚАЗАҚСТАНДЫ құратынымызға Ассамблеяның сенімі мол.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамды Тұңғыш Президенттің және ол жүргізіп келе жатқан саясаттың маңына топтасуғашақырады. Бұл елдің болашағы үшін қажет, өйткені реформалардың жемісті болуы таңдап алынған бағыттан айнымаумен байланысты. Бұл мемлекеттің тұрақты дамуы және қоғамдық келісім мен бейбітшіл саясатты сақтау үшін маңызды.
Біздің балаларымыз үшін, ертеңгі күнге деген сенім үшін, қазақтың берекелі жерінің тыныштығы үшін, біз барша Қазақстан халқын референдум туралы бастаманы қолдап - Тұңғыш Президент, Елбасы - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жалпыхалықтық қолдау білдіруге шақырамыз.
Біздің ортақ отанымыз - Қазақстан Республикасы гүлдене берсін!
Қазақстан халқы Ассамблеясы
2010 жылғы 25 желтоқсан, Алматы қаласы