Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты мен міндеті қайта айқындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы»  ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Ең әуелі, осы Заңның негізін құрап отырған «Этносаралық келісім» термині оның қолданылу аясын тарылтып отыр, ал іс жүзінде Ассамблеяның миссиясы едәуір кең ауқымға ие. Осыған байланысты, Ассамблеяның негізгі мақсаты мен міндеттерін «этносаралық келісім» деп емес, «қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету» деп анықтап, Заңның барлық мәтіні бойынша осы терминологияны қолдану ұсынылады. Сондай-ақ, ұсынылып отырған осындай редакциялық түзету «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңның терминологиясын Конституциямыздың нормаларымен сәйкестендіріп отыр», - деді заң жобасын таныстырған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Ассамблеяның құрылымдары жанынан дауларды сотқа дейінгі реттеу мақсатында медиация кабинеттері ашылып, жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде елді мекендерде қоғамдық келісім кеңестері құрылған. Бұл кеңестердің басты міндеті әлеуметтік мәселелерді шешу және қоғамдағы әлеуметтік шиеленістердің алдын алу болып табылады. 

«Осы аталғанды ескере келе заң жобасында тиісті баптарды көрсете отырып,  Ассамблеяның қайырымдылықты және медиацияны дамытуға жәрдемдесу саласындағы жұмысының негізгі бағыттарын нақтылау ұсынылып отыр. Бұдан басқа, Ассамблеяның өз институтын нығайту үшін оның инфрақұрылымдарының қызмет етуін заңнамалық тұрғыдан реттеп алу қажеттігі туындауда.  Осы орайда, «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің, яғни Ассамблеяның жаңа институтының пайда болуын ескере отырып, сондай-ақ, Ассамблеяның қызметіндегі этномәдени бірлестіктердің маңызды рөлін назарға ала отырып, заң жобасында осы аталған ұйымдардың мәртебесін белгілеп алу қарастырылып отыр», - деді ол.

Министрдің айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің рөлін және оның қоғамдық келісімді нығайту бойынша мемлекеттік саясаттағы тиімділігін күшейту мақсатында Ассамблея Кеңесінің өкілеттіктерін кеңейту қажеттілігі де туындады.

«Осыған байланысты, Ассамблея Кеңесін республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатарынан қалыптастыру және осы Кеңеске қоғамдық награда тағайындау құқығын беру ұсынылады», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірауыздан мақұлдап, қаулы қабылдады.