Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан сараптамалық орталық ашу керек - Тарих және этнология институтының директоры

rong> Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан сараптамалық жаңа орталық ашу керек. Бүгін Алматыда өтіп жатқан «Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы және «Нұр Отан» ХДП ХІІ құрылтайында сөйлеген сөзі арқылы этносаралық келісімді нығайту жолындағы этномәдени бірлестіктердің рөлі», деп аталатын дөңгелек үстел жиынында осындай пікір білдірілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Ұлт пен ұлыстар арасындағы қатынастың негізі -   мәдениет саласындағы диалог пен келісімде. Оны қазір өзге ТМД елдері де түсініп жатыр. Мәдениетаралық қатынас болмаса,  бір-біріміздің дәстүр-салтымызға, тұрмысымызға деген қызығушылық болмаса, халықтардың бір-бірін түсінуі қиындап кетеді. Сондықтан өз тәжірибемізді ескере отырып, осы уақытқа дейінгі атқарылған шаралардың негізінде ғалымдар, қоғам қайраткерлері Қазақстан халқы Ассамблеясы  жанынан бір орталық құруы керек. Ол Қазақстандағы этносаралық модельдің жүйесін дайындап шығаруға тиісті. Мұндай талдау жүргізілмегендіктен біз  осы күнге дейін ұлт деген санатты немесе этносаралық қатынастар деген санатты бір-бірімен шатастырып жүрміз», - дейді Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Саттар Мәжитов. Тарихшы ғалымның  пайымдауынша, олардың  ғылыми негізі болуы керек. Орталықта этносаралық, конфессияаралық және мәдени үрдістер бойынша  арнайы топтар жұмыс істеуі қажет. Өйткені бізді бір-бірімізге жақындастыратын ең алдымен мәдениет саласындағы жетістіктеріміз.

«Қазақстан көптеген халықтың  екінші Отанына айналды деген сөзді біз оп-оңай айта саламыз. Қалай жүзеге асты, оның тетіктері қандай болды, олардың қазақстандық санасы қалай қалыптасты деген сауалдарға біз өкінішке орай әлі толыққанды жауап тапқан жоқпыз», - дейді тарих ғылымының докторы, профессор Саттар Фазылұлы.