Басқосу барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Президент әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов сөз сөйлеп, келер жылға жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, қазірдің өзінде 2015 жылы атқарылатын 60-тан астам іс-шаралар қарастырылып отыр. «Бұның ең маңыздысы - Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуы. Сонымен қатар, айтулы шаралар аясында -Ассамблеяның туған күні, ҚХА мерейтойлық сессиясы бар. Ассамблеяның Ұлы Жеңістің 70 жылдығына қатысуына да ерекше маңыз берілетін болады», - дейді Ералы Тоғжанов.
Бұдан бөлек, Хатшылық меңгерушісі Ата Заңның 20 жылдығын мерекелеудің маңызына да ерекше тоқталып өтті.
«Дәл біздің Ата Заңымызда еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақты даму негіздері қаланған болатын. Ал Конституцияның кепілі бұл - Қазақстан Президенті, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев», - деді Е. Тоғжанов.
Бұдан бөлек, отырыста депутаттар ұлысаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісін жетілдіре түсу, партиялар арасында ынтымақтастықты дамыту бағытында бірқатар ұсыныстар айтылды.
Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2015 жыл - Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланған болатын. Еліміз егемендік алғалы бір шаңырақтың астында 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұрақтылық пен бірлікті сақтап, тату-тәтті өмір сүріп келеді. 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толады. Бұл дата ҚР Конституциясының 20 жылдығымен және Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай ұйымдастырылып жатқан шаралардың да ауқымы кең болмақ.