Осыған орай сессия жұмысына қатысқан Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов өз ой-толғамын былайша білдірді.
- Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында еліміздегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан бірегей құрылымның жұмысын әлі де жетілдіруді тапсырды, деді ол. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының тыныс-тіршілігі енді ауыл-аймақта, тіпті әр мекеме-кәсіпорында жанданып, өріс ала түсуі керек. Шын мәнісінде қоғамдық тұрақтылық пен келісімнің топсасы беки түссе, еліміздің де іргесі берік, керегесі кең болады.
Көп ұлтты Батыс Қазақстанда 86 ұлыстың өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы ұлтаралық келісімді нығайтып, түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрін, мәдениетін жаңғыртуда беделді ұйым болып табылады. Әрине, Елбасы тапсырмаларына сәйкес енді осы сан салалы жұмысты сапалық жағынан да, мазмұны жағынан да байыта түсу қажеттігі туындап отыр.
- Ғайса Хамидоллаұлы, ендеше, ассамблеяның алдында тұрған басты мақсат-міндеттеріне, іс-жоспарларына тоқталсаңыз?
- Бұл тұрғыда біз ең алдымен жұртшылықты кеңінен қатыстыра отырып, тәуелсіздікті, мемлекеттілікті нығайтуға негізделген құндылықтардың жалпы жүйесін қалыптастыру мәселелерін талқылау мақсатында аудандарда дөңгелек үстел отырыстарын өткізбекпіз. Басты міндеттердің бірі - этномәдени бірлестіктер бойынша бірыңғай деректер базасын қалыптастырып, оны тұрақты толықтырып отыру. Осы мақсатта алдағы уақытта ассамблея жұмысы туралы хабардар етіп отыру үшін интернет-сайт ашпақшымыз. Ассамблея белсенділері Оралда мәдени-ағарту және ғылыми-әдістемелік қызметті атқаратын Достық үйін ашу туралы ұсыныстарын білдіріп жүр. Мұндай орталық аудандағы осындай Достық үйлеріне де бағыт-бағдар беріп отырар еді. Ақ Жайық өңірінде көп ұлт өкілдерінің тұрып жатуы да жұмыс тәжірибесін байыта түсуді талап етеді.
Осы бағытта біздің бастама-идеяларымыз да жоқ емес. Айталық, ұлтаралық тағаттылық пен қоғамдық келісімнің батысқазақстандық үлгісін таныту үшін өз тәжірибе-өнімдерімізді таратсақ, облыстық ассамблеяның түрлі аймақаралық, мемлекетаралық қарым-қатынасын нығайтып, оның өкілдерінің халықаралық, республикалық, аймақтық шараларға қатысуын қамтамасыз етсек, ісіміздің алға баса түсері ақиқат.
«Баталы ел арымас» дегендей, «Ырыс алды - ынтымақ» ұранымен ел ақсақалдарының халықтың түрлі топтарымен жанды кездесулерін ұйымдастырсақ, әсері мол болары сөзсіз.
Облыстыс ассамблея «Менің елім» айдарымен этномәдени бірлестіктердің облыстық форумы - достық фестивалін өткізуді жоспарлап отыр. Оған Ресейдің шекаралас аймақтарынан этномәдени бірлестіктерінің өкілдері шақырылмақшы. Сондай-ақ тағы бір форумда жұртшылық, БАҚ, ғылым мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің өзекті мәселелерін талқылайтын болады.
Біз соңғы жылдары атажұртына оралған отандастарымызды, сонымен қатар шет жерде тұрып жатқан қандастарымызды өз шараларымызға тартуға айрықша мән береміз. Осыған орай шет елдегі бауырларымызбен «Қазақстанға ыстық ықыласпен» атты кездесу өткізу жоспарлануда. Елбасымыз айтқандай, жалпыұлттық бірлікті нығайта түсу үшін елге оралған отандастарымызды «Елім менің аңсаған» республикалық іс-шарасына кеңінен тартуға күш саламыз.
Соңғы кезде елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше мән беріліп жатқаны белгілі. Бұл ретте де ассамблея өз үлесін қоса алады. Айталық, кәсіпкерлер қауымдастығын дамыту мен қолдау мәселелері бойынша облыстық форум бұған оңды әсер етері сөзсіз.
Халықтар достығын паш ететін монумент тұрғызу, «Менің Ақжайығым» атты сыйға беретін кітаптар сериясын шығару ойда бар. «Ұлттық өнер тамыры» атты қазақ халқы мен басқа ұлт өкілдерінің облыстық сәнді-қолданбалы өнер байқауын, достық туралы «Достар әні» әндер фестивалін ұйымдастыру жоспарда.
Елбасымыз Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді барынша тезірек меңгеруі керектігін үнемі айтып келеді. Мұның бір жолы - өзге ұлт өкілдерін қазақтың тілімен қатар ұлттық өнерін игеруіне септесу. Осы бағытта фестиваль ұйымдастырып, онда отандастарымыз қазақ тілінде ән шырқап, күйлерін шертіп, биін билеп берсе, ортақ абырой емес пе. Көп ұлтты Қазақстан тарихы бойынша көркем шығармалар байқауына да талапкерлер көптеп қатысары сөзсіз. Әрдайым алдыңғы қатарда жүретін жазушылар мен журналистердің шығармашылық кештерін ұйымдастырудан еш ұтылмаймыз. Мұның бәрі ұлтаралық келісім діңгегін нықтап, отаншылдық, елжандылық рухын арттыра түсері анық.
Облыстық ассамблея ел ертеңі - жастар мәселесін ұмытқан емес. Шараларымызға жастарды көбірек тартсақ, оның тиімділігі мен ықпал-әсері жоғары болары кәміл. Өйткені ырыс алды - ынтымақ ұғымын ең алдымен осы жас ұрпақтың санасына сіңіре білуіміз керек. Этномәдени бірлестіктердің де жастар ұйымдары бар. Міне, соларды «Менің Қазақстаным» республикалық іс-шарасына тарта білсек, ол да абырой. Жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімін, тарихқа, түрлі ұлттардың салт-дәстүріне құрметпен қарауды қалыптастыру мақсатында фотобайқау, достықты насихаттайтын жыл сайынғы жастар фестивалін өткізіп, тағаттылық тәрбиесі бойынша жазғы балалар лагерін ашу көзделіп отыр. Ұлттық спорт түрлері облыстық орталығын құрсақ, бұл жастар ғана емес, барлық тұрғындардың ынта-ықыласын арттыратына сенім мол.
«Сөзімнің соңында бүгінгі Қазақстан халқының бірлігі күні осынау халықтық мерекені ел болып тойлаудың маңызы зор екенін айтқым келеді. Облыс көлемінде 1 мамыр мерекесін кең көлемде атап өтуге Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы да сүбелі үлесін қосып отыр. Соған орай көптеген шаралар өтуде. Түрлі мәдени-спорттық шараларға өңірде тұратын барлық ұлт өкілдері белсене қатысуда. Шат-шадыман көңіл-күйде халықтық мерекені бірге тойлап жатырмыз. Осындай береке-бірліктен артық не бар. Тамырын тереңге жіберген достығымыздың діңгегі берік екеніне еш күмән жоқ. Тек соны одан сайын бекіте түсу - баршамызға ортақ борыш», деп қорытты ойын Ғ.Қапақов.