Қазақстан халқы Олимпиадашы спортшыларға үлкен үміт артып отыр - Н.Назарбаев

None
АСТАНА.  4 шілде. ҚазАқпарат -  Олимпиадада еліміздің намысын қорғайтын спортшылар нағыз қазақстандық спорттық рухты көрсетеді деп сенемін. Бұл туралы бүгін Ақордада Лондон олимпиадасына баратын еліміздің спортшыларын қабылдау кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Енді, сіздер үшін олимпиадаға қатысу - ең шешуші сәт. Қазақстан спортқа, спортшыларға көмек көрсету үшін барлығын жасап жатыр», - деді Мемлекет басшысы.

Президент осы орайда, спортқа ауқымды көлемде қаржы бөлініп отырғандығын, елімізде елеулі көлемде спорттық нысандар пайдалануға тапсырылып жатқандығын жеткізді.

«Сіздер барша жауапкершілікті сезініп отырсыздар деп ойлаймын. Себебі, барша Қазақстан барлықтарыңызға үміт артуда», - деді Н. Назарбаев.

Осы орайда Елбасы Олимпиадаға баратын спортшыларда осы сенім мен үмітті ақтаудың мүмкіндігі бар екендігін атап өтті.

Сөз соңында Мемлекет басшысы бұл айтулы додада жеңіспен оралу спортшы үшін жетістіктің шыңы екендігін қадап айтты.