Қазақстан халқы тілдері күні аясында ҚР Президенті Іс басқармасы «Мемлекеттік тіл – татулық негізі» атты дөңгелек үстел өткізді. Оған Іс басқармасының орталық аппараты мен ведомстволық қарасты ұйымдарының қызметкерлері, уәкілетті орган өкілдері мен тіл сарапшылары қатысты.
Тіл саясаты комитетінің төрағасы, алаштанушы ғалым Ербол Тілешов, жазба және ілеспе аудармашы, жазушы Камал Әлпейісова қазақ тілінің мәртебесі, ілеспе аударма, латын қарпіне көшу туралы дәріс оқыды.
«Мемлекеттік тіл мәселесі біз үшін өзектілігін жоғалтқан емес. Бұл ретте Іс басқармасы мемлекеттік тілді дамыту жұмыстарын, тіл саясатын іске асырудың жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүргізіп келеді. Жыл сайын әртүрлі нысаналы шаралар өткізіп, өздеріңізбен пікірлесіп келеміз. Президенттің Іс басқармасы жүйесінде кадрлардың әлеуетін көтеру үшін мемлекеттік тілді үйрету және деңгейін жетілдіру курсы ашылғанын, Іс басқармасының ведомстволық қарасты ұйымдарының қызметкерлеріне арналған курстар әріптестер тарапынан қолдау тауып, аз уақытта 22 ұйымның 700-ден астам қызметкері курстарға қатысуға ниет білдіргенін айрықша атап өткім келеді», - деді Іс басқармасының аппарат басшысы міндетін атқарушы Ербол Адаев.
Оның айтуынша, басқармаға қарасты медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы қызметкерлердің қазақ тілін білу деңгейін анықтау үшін «Қазтест» жүйесінде тестілеу өткізді. Нәтижесінде қазақ тілін оқитын адамдар саны анықталып, бірқатар ұйымдар қыркүйек айында сабақты бастап кетті.
Ал, Іс басқармасы орталық аппаратының қызметкерлері биылғы қазан айында кезекті рет «Қазтест» диагностикалық тестілеуінен өтуді жоспарлап отыр.
«Жалпы, Іс басқармасы Тіл саясаты комитетімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді және мемлекеттік тілде құжат пайдалану мен жүргізуге мониторинг нәтижелері тоқсан сайын уәкілетті органдарға жіберіліп тұрады. Биылғы екінші тоқсандағы мониторинг нәтижесі бойынша жалпы шығыс құжаттарының пайыздық көрсеткіші 91 пайыздан астам деңгейді көрсетті. Бұл ретте Іс басқармасы жүйесінде мемлекеттік тілде сөйлеу деңгейі жоғары деп айтуға болады. Дегенмен әлі де алатын белестер көп. Жұмысты жандандырып, 100 пайыздық көрсеткішке жетуіміз керек. Білім беретін курстар ашып, тестілеу өткізу және басқа да жұмыстарды жүргізудегі мақсатымыз – тілдерді дамыту саласында мемлекеттік тіл саясатын іске асыру, қызметкерлердің біліктілігі мен бәсеке қабілетін арттыру және мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосу деп білеміз», - деді Ербол Адаев.
Президент Іс басқармасында және оған қарасты мекемелерде қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері жетерлік. Жиын соңында ҚР Президенті Телерадиокешені деректі кино орталығының арнайы жобалар жетекшісі Константин Харламов, ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының хирургия бөлімінің мейірбикесі Хилола Рустамова, «Бүркіт» мемлекеттік әуе компаниясының инженері Кубанычбек Нурматов, Іс басқармасы автошаруашылығының жүргізушісі Зуфар Ибрагимов мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды.
«Мен қазақ тілін бала кезімнен жетік білетінмін. Себебі, біздің ауылда қазақ, неміс, черкес, өзбек сынды түрлі ұлт өкілдері тұрды, бәріміз қазақ тілінде сөйлесіп өстік. Менің нағашы атам қазақ, нағашы әжем неміс ұлтынан еді. Ол үйде қазақ тілінде сөйлеп, қазақ дәстүрін ұстану бұлжымас қағида болатын. Мектеп пен жоғары білімді орыс тілінде алсам да, қазақ тілі өмірде көп көмегін тигізді. Осы елде тудым, осында өстім, сондықтан қазақ тілін білуім керек деп есептеймін. Қазір ұлым өрт сөндіруші болып жұмыс істейді, оның да қазақшасы жетік», - дейді «Бурабай даму» ЖШС Материалдық үстел есепшісі Марина Бабич.
Еске сала кетсек, елімізде 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілген. Жыл сайын бұл мерекені Қазақстанда тұратын ұлт өкілдері мен ұлыстар тойлайды.