Қазақстан халқы ұлттық жаңғырту арқылы дағдарысты табысты еңсеруге көбірек мүдделі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы ұлттық жаңғырту реформалары арқылы дағдарысты табысты еңсеруге мейлінше мүдделілік танытады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров мәлім етті.

«Жаһандық дағдарыс қалай болғанда да біздің өміріміздің барлық салаларына дендеп, әсер етіп отыр. Сондықтан да, жұртшылық үшін ең бірінші кезекте бұл қауіп пен қатерді, тәуекелдерді еңсеріп, қуатты мемлекет ретінде тез дамуға көшу мәселелері қызықтыратыны анық. Ал бұл елдегі жаңғырту реформалары арқылы жүзеге асады», - деді депутат.

Оның айтуынша, ұлттық жаңғыру бағытында Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әрбір қадамы маңызды рөл атқарады. Ал бесінші шақырылымдағы Мәжіліс өзінің тарихи миссиясын орындап, Ұлт жоспарын заңнамалық қамтуды толық жүзеге асырды.

«Сайлаулар өткізіп уақытты шығындағанша, бізге Ұлт жоспарын тікелей жүзеге асыруға көшу керек. Ал біз қабылдаған заңдар бойынша 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап жаңа құқықтық тәртіптер іс жүзіне асып келеді», деді депутат Н. Әбдіров.