Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте осы мәселеге байланысты арнайы жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерімен таныстырған «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Парламентаризм институты Социологиялық қызметінің өкілі Аманқұл Серікбаев мәлім етті.
Оның деректеріне қарағанда, Жолдаудан хабардар азаматтары саны еліміздің барлық аймақтары бойынша 60 пайыздан асады. Олардың арасында Жолдау туралы халқының ең көп бөлігі білетін аймақтардың көшін 89,7 пайызбен Қызылорда, 89,4 пайызбен Талдықорған, 89 пайызбен Тараз қалалары бастап отыр. Ал Жолдау туралы ең аз білетін аймақтардың қатарында 65,4 пайызбен Павлодар және 60,4 пайызбен Атырау облыстары бар.
«Бұл ретте айта кететін мәселе зерттеу жұмыстарына қатысқан респонденттердің 54,7 пайызы Жолдауды телевидение мен радио көріп немесе тыңдаса, олардың үштен бірі Жолдау туралы жаңалықтар қызметінен естіп білген. Сондай-ақ респонденттердің әрбір жетіншісі ақпаратты баспасөз басылымдары мен интернет ресурстарынан алған. 61 жастан асқан қариялар Жолдау туралы тікелей теледидар мен радиодан білген. Зейнеткерлердің 74,7 пайызы Мемлекет басшысының Жолдауынан хабардар болып шықты»,-деді А.Серікбаев.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысы Жолдауын халықтың қаншалықты жақын қабылдағаны онда көтірілген мәселелер арқылы байқалады. Осы ретте қазақстандықтардың 96,5 пайызы Жолдауда көтерілген мәселелерге қанағаттанғандығын білдірген. Зерттеуге қатысқан азаматтардың 31,8 пайызы Жолдауды мақұлдайтынын білдірсе, 15,6 пайызы одан үміттенетіндігін айтқан. Ал 12,1 пайыз халық Жолдауды қызығушылықпен тыңдаса, 11,3 пайызы мақтаныш пен қанағаттанарлық сезімде болған. «Әлеуметтік зерттеу жұмыстарына еліміздің аймақтарынан жасы 18-ден асқан 1 мың 99 адам қатысты және ол азаматтардың барлығы кездейсоқ жағдайда таңдап алынды. Зерттеудің тек 5 пайызында ғана сәйкессіздік болуы мүмкін»,-дейді партия өкілі.