Қазақстан халқының саны 16 млн.402 мың адамнан асты
10:46, 01 Сәуір 2009
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Халық санағының алдын ала мәліметтері бойынша, республика халқының саны 16 млн. 402 мың 861 адамды құраса, оның 67 пайыздан астамы - қазақтар.
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жылдың басында тәуелсіз Қазақстан тарихында екінші рет ұлттық халық санағы өтті. Бұл шара өткен жылдарды саралаумен бірге болашаққа экономикалық болжам жасауға да сенімді негіз болды. Санақтың нақты қорытындысы алдағы күзде мәлім болады. Келесі жылы санақ бойынша арнайы сараптамалық есеп жарияланады», деген К. Мәсімов бүгінгі күнгі алдын ала мәліметтермен таныстырып өтті.
Үкімет басшысының айтуынша, санақ қорытындысының алдын ала мәліметтеріне қарағанда республика халқының саны 16 млн. 402 мың 861 адамға жеткен. Ал санақ басталмай тұрғандағы есеп бойынша халық саны 15 млн. 730 мың адам болған. Яғни, 672 мың адамның өсім көрсеткіші белгілі болды. Сондай-ақ 1999 жылғы халық санағы мәліметімен салыстырғанда қазір Қазақстан халқы 1,5 млн. адамға артты. Тек Астана қаласының тұрғындары соңғы 10 жылда 2 еседен артық өсіп, 678 мың адамды құраған. Осы кезеңде Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылығы 30 пайызға, Маңғыстау облысының халқы 60 пайызға өскен.
«Жедел мәліметтер бойынша, республикадағы қазақтардың саны 67 пайыздан астам болды. 1999 жылы бұл көрсеткіш 53 пайызды ғана құраған. Біз қазақстандықтар - жас ұлтпыз. Бұл біздің мемлекетіміздің басымдылығы. Республикамыздағы халықтың орташа жасы 32 жас шамасын құрады», деді К. Мәсімов.