Қазақстан халқының саны соңғы он жылда 1 млн. адамға өсім көрсеткен - Ұлттық халық санағы

АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстан халқының саны соңғы он жылда 1 млн. 22 мың адамға өскен. Бүгін бұл жөнінде ҚР Статистика агенттігінде халық санағының қорытындыларына арналған брифингте Агенттік төрағасы Әлихан Смаилов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Санақаралық кезеңде Қазақстан халқының саны 1022,9 мың адамға көбейгендігін көрсетіп отыр. 1999 жылғы ақпанның 25-індегі санақтың көрсеткіштерімен салыстырғанда халық саны 6,8 пайызға өскен», деп атап көрсетті ол.

Соның ішінде Қазақ халқының саны алдыңғы санақ нәтижелеріне қарағанда, 26,1 пайызға өсім көрсетіп, бүгінгі жағдай бойынша 10098,6 мың адамға жеткен. Қазақстандағы өзбек ұлтының өкілдері 457,2 мың адамға жетіп 23,3 пайызға артқан. Ұйғырлар саны 223,1 адам болып, 6 пайызға өскен.

Керісінше, орыстардың саны 15,3 пайызға, немістер - 49,6 пайызға, украиндар - 39,1 пайызға, татарлар - 18,4 пайызға және басқа да этностар - 5,8 пайызға азайған.