Қазақстан халық банкі «Самұрық-Қазына» қорынан 27 млрд. теңгеге банктің артықшылықты акцияларын мерзімінен бұрын қайта сатып алды

None
АЛМАТЫ. 29 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақстан халық банкі» АҚ «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-дан өзінің 150 миллион дана артықшылықты акцияларын мерзімінен бұрын кері сатып алуды жүзеге асырғандығын  хабарлады.

Оған бір акция үшін 179,94 теңге деген бағамен жалпы сомасы 27 млрд. теңге қаржы жұмсалған.  Бұл шара  банктің ірі акционері болып табылатын «АЛМЭКС» холдингтер тобы» АҚ мен  «Самұрық-Қазына» қоры арасында бекітілген опциондық келісім талаптарына сәйкес жүргізілді. Қаржы институты бұған дейін опцион құқығын АЛМЭКС-тен 7,1 млрд. теңге мөлшеріндегі сыйақыға сатып алған болатын. Оған  сәйкес банктің «Самұрық-Қазына» қорынан  2014 жылға дейін 196 232 499 дана артықшылықты акцияларды сатып алу құқығы болады. Бұл акцияларды қор 2009 жылдың мамырында мемлекеттің дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында 33 млрд. теңгеге сатып алған болатын. Осы уақыт ішінде қор банктен артықшылық акцияларға 7,7 млрд. теңге мөлшерінде дивиденд алды. Сондай-ақ оны сатып алу және сату құнының арасындағы айырма түрінде 1,7 млрд. теңге мөлшерінде қосымша пайда тапты. Енді опцион іске асырылғаннан кейін де «Самұрық-Қазына» қорының иелігінде 46 232 499 дана артықшылықты акциялар қалады. Опцион талаптарына сәйкес банктің бұл аталған акциялар пакетіне қатысты кері сатып алу құқығы сақталады.

«Мемлекеттің қалтасынан алынған әрбір теңге ел экономикасы үшін барынша тиімділікпен жұмсалды деп айта аламыз. Ең алдымен бұл қаржы экономикамыздың дамуы үшін стратегиялық маңызы бар тамақ өнеркәсібі, химия өндірісі, металл өңдеу, машина жасау, электр энергетикасы, құрылыс, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, сауда өнеркәсібі сияқты салаларында кәсіпкерлікпен айналысатын әрі банк клиенттері болып табылатын субъектілердің айналым қаражатын толықтыруға және қарыздық берешектерін қайта қаржыландыруға бағытталды. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде алынған және мақсатына сай тиісті түрде игерілген қаражаттың жалпы сомасы 152 млрд. теңгені құрады», - дейді банктің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова. Оның айтуынша, бүгінгі күні Халық банкі мемлекет тарапынан бөлінген қаржының басым бөлігін қайтаруды іске асырған әрі мемлекет үшін пайдамен қайтара алған бірден-бір қаржылық институт болып отыр. 2011 жылдың наурыз айында кері сатып алу талаптарына сәйкес қордан банктің қарапайым акцияларына салынған мемлекеттік қаржы жылдық 15,75 пайыз табыстылықпен қайтарылған болатын.

Жалпы «Самұрық-Қазына» қоры арқылы 2009 жылы Халық банкінің капиталына 60 млрд. теңге көлемінде қаржы құйылды. Оның 27 млрд. теңге мөлшеріндегі бөлігі - қарапайым акцияларға, 33 млрд. теңгесі артықшылықты акцияларға салынған болатын. Банктің қарапайым және артықшылықты акцияларына иелік ету нәтижесінде «Самұрық-Қазына» қоры жалпы көлемі 15,3 млрд.теңге мөлшерінде табыс тапты.