Қазақстан Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру бастамасын қолдауға шақырды

БАКУ. ҚазАқпарат – Қазақстан бүгін халықаралық алаңдарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың болашақта болуы мүмкін пандемияға қарсы күресте бірігу үшін Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін (IABS) құру туралы бастамасын көтеріп жатыр.

Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Бакудегі Қосылмау қозғалысы (ҚҚ) үйлестіру бюросының министрлер отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

«Бүгінгі күні жаһан қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін биологиялық қауіпсіздік мәселесін шешу – Біріккен Ұлттар Ұйымының кейінге қалдыруға болмайтын мәселесі. Қазақстан 2020 жылдан бері Бактериялық (биологиялық) және улы қаруға тыйым салу туралы конвенцияны басшылыққа алатын Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру бастамасын көтеріп келеді», - деп мәлімдеді министрдің орынбасары «Қосылмау қозғалысы: алдағы қиындықтарға бірге және мызғымай қарсы тұрамыз» тақырыбына арналған кездесу барысында.

Дипломаттың сөзінше, Агенттік концепциясы – болашақта болуы мүмкін COVID-19 сынды пандемияларға қарсы күресу.

Сонымен қатар, ол ҚР негізгі міндеті – Агенттік әлеуетін арттыру, тәжірибе алмасу және биотехнологияны қауіпсіз табыстауда дамушы елдердің қажетін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Қайрат Омаров ҚҚ-ның ядролық қарусыздандыруда айнымас көзқарасын атап өтіп, қатысушы делегацияларды биыл БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы аясында қабылданатын Семей өңірін қалпына келтіру туралы 11-ші резолюция авторларының бірі болуға және қолдауға шақырды.

Дипломат болашақта болатын іркілістер мен тұрақты, әділ және тегіс қамтитын қалыпқа келтіру процестерінде тұрақтылық керек екенін айтты.

«Сол себепті Мемлекет басшысы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанның тұрақты дамуы бойынша БҰҰ-ның пилоттық аймақтық орталығын құруды ұсынды. Орталық 2030 жылға дейін күн тәртібін жүзеге асыруды жеделдетуге және әлсіз елдердің экономикалық дамуына көмектеседі, деп атап өтті Қайрат Омаров.

Министрдің орынбасары Қайрат Омаров пен Әзербайжандағы Қазақстан елшісі Әлім Байел ӘР Президентінің ішкі саясат бойынша көмекшісі Хикмет Гаджиевпен кездесті. Тараптар екіжақты серіктестік және халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Барлық халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында екі елдің көзқарасы жақын екені атап өтілді.

Қосылмау қозғалысы – әлемнің 120 мемлекеті қосылған, соғыс блоктарына қатыспау қағидаттарына негізделген БҰҰ аясындағы ірі халықаралық құрылым.

ҚҚ мақсаты - қазіргі және болашақта болуы мүмкін климаттың өзгеруі, терроризм, зорлықпен болған экстремизм және киберқауіпсіздік сынды мәселелермен күресу.

Қазақстан 18 мемлекетпен бірге ҚҚ-да бақылаушы ел қатарында тұр.

Автор: Серикбол Кошмаганбетов