Қазақстан Халықаралық кинология федерациясына мүше болды
Сүйінші жаңалықты Президенттің іс басқарушысы Айбек Дәдебаев жеткізді.
«Халықаралық кинология федерациясы (FCI) Бас Ассамблеясының отырысында Қазақстан кинологтары одағы осы ұйымның толыққұқылы мүшесі деп танылды. Бүгін Женевадағы жиында дауыс беру рәсімі өтіп, 77 мүше мемлекеттің 72-сі қазақстандық ұйымның кандидатурасына қолдау білдірді. Осы іске атсалысқан мемлекеттік қызметкерлерге, дипломаттарға, қолдап дауыс берген елдерге және FCI басшылығына шынайы алғысымды айтамын», - деп жазды ол Telegram парақшасында.
Қазақстан кинологтары одағы үшін бұл өте маңызды жетістік екені сөзсіз. Соның арқасында қазақы ит тұқымдарын халықаралық деңгейде танытуға жол ашылып отыр.
«Осы орайда қазақы тазы мен төбетті сақтау мен қалпына келтіру, оларды төлтума қазақы ит тұқымдары ретінде таныту мәселесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назар аударғанын атап өткім келеді. Президент «Тазы - халқымыздың жеті қазынасының бірі, сондықтан бұл асыл тұқымды итті жоғалтып алмауымыз керек. Үкімет пен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, тиісті іс-шараларды қолдануы қажет» деген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, былтыр Президент Іс басқармасы осы мәселені қолға алып, мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестірумен айналысты. Жұмыс тобы құрылып, Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілетті орган ретінде бекітілді. Ұлттық құндылығымыз саналатын ит тұқымдарын қорғауға бағытталған заң қабылданды. Енді міне, Женевадан жеткен жаңалықтың арқасында қазақы тазы мен төбетті халықаралық деңгейде танытуға бағытталған үлкен қадам жасалды. Алдағы уақытта Халықаралық кинологиялық федерациямен, соның ішінде стандарттау жөніндегі комиссиямен тығыз байланыста жұмыс атқарылуы керек. Экология және табиғи ресурстар министрлігі өз кезегінде Ұлттық тазы мен төбет орталығының жұмысын жолға қойып, ғылыми зерттеулерді, саладағы мәселерді жүйелі түрде шешуді қолға алады деп жоспарланып отыр», - дейді Айбек Дәдебаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Женевада ұйымдастырылатын «World Dog Show-2023» иттер көрмесіне Қазақстаннан екі тазы қатысатынын хабарлаған едік.
Кеше Женевадағы осы жиында Қазақстанның Халықаралық кинология федерациясына қосылу мәселесі талқыланды.