Айта кетейік, 2024 жылы хайуанаттар бақтарына келушілер саны рекордтық 2,8 млн адамға жеткен болатын. Дегенмен, 2025 жылғы көрсеткіш 2015–2023 жылдар аралығындағы деңгейден жоғары сақталды.
Статистикаға сәйкес, 2015 жылы хайуанаттар бақтарына 1,2 млн адам келсе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 1,3 млн адам. Ал пандемияға байланысты шектеулер енгізілген 2020 жылы келушілер саны 600 мың адамға дейін азайған.
– Өткен жылы келушілердің басым бөлігі еліміздің үш ірі қаласына тиесілі болды. Алматы хайуанаттар бағына 1,1 млн адам, яғни республикадағы барлық келушінің 42,3%-ы барған. Шымкентте бұл көрсеткіш 716,2 мың адамды, ал Астанада 517,4 мың адамды құрады. Осылайша, үш мегаполистегі хайуанаттар бақтары мен океанариумға республика бойынша барлық келушінің шамамен 89%-ы тиесілі болды, – делінген Energyprom мақаласында.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысындағы хайуанаттар бақтарына 93 мың адам, Ақмола облысында 29 мың адам барған.
Абай және Қарағанды облыстары бойынша жеке мәліметтер жарияланбаған. Жалпы республикалық көрсеткішке сүйенсек, бұл екі өңірдегі хайуанаттар бақтарына бірге 173,1 мың адам келген.
Айта кетейік, мамыр айының басында жазғы маусымға көшкен Алматы хайуанаттар бағында тіршілік қайнап жатыр. 1935 жылы негізі қаланып, 1937 жылы ресми ашылуы болған хайуанаттар бағында бүгінде 3,5 мыңға жуық жануар өмір сүреді.