Қазақстан ХЕҰ-ның ең төменгі жалақыға қатысты конвенциясын ратификацияламақ
АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек министрлігі «Кәсіподақтардың автоматтандырылған жұмыс орны» атты цифрлық модуль енгізеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев айтты.
— Қазіргі уақытта әлеуметтік әріптестік барлық деңгейде қалыптасты және 2,5 миллионнан астам жұмысшыны біріктіретін кәсіптік одақтар жұмыс істейді. Қазақстан кәсіподақтары — бұл экономикалық даму мен қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық мақсаттарына қол жеткізудегі Үкіметтің белсенді қатысушылары және серіктестері. Мемлекет еңбек қатынастары субъектілерінің мүдделерін тиімді үйлестіре алатын, мықты әрі жауапты кәсіподақтардың болуына мүдделі. Өйткені кәсіподақтардың қоғамдық қатынастарды реттеудегі рөлі қаншалықты маңызды болса, олар өздерінің басты мақсаты — жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау міндетін соншалықты тиімді әрі табысты орындай алады, — деді ол Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезінде.
Вице-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялағанын атап өтті. Бұл — жұмысшы мамандықтарының ел дамуына қосқан еңбегі мен үлесін ерекше мойындаудың белгісі. Осыған байланысты еңбек жағдайын жақсартуға және жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен ең төменгі айлық жалақы мөлшерін анықтау әдістемесі әзірленіп, бекітілді. Онда негізгі көрсеткіштер ретінде еңбек өнімділігі мен медианалық жалақы белгіленген.
— Біз ХЕҰ-ның «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» № 131 конвенцияны ратификациялау жұмысына кірістік. Тиісті заң жобасы әзірленіп, қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр, — деді вице-министр.
Оның атап өтуінше, Еңбек министрлігі «Кәсіподақтардың автоматтандырылған жұмыс орны» атты цифрлық модуль енгізуде. Бұл кәсіподақтарға өз мүшелерінің деректерін автоматты түрде тіркеуге, қағаз құжат айналымынан бас тартуға, қоғамдық бақылауды электронды форматта жүзеге асыруға, сондай-ақ мемлекетпен және жұмыс берушілермен жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.
— Бүгінде әлеуметтік қорғау, ішкі тұрақтылық пен азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелері мемлекет үшін әрдайым басымдық болып қала береді. Біз халықаралық ұйымдармен, соның ішінде Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының ұсынымдарын іске асыру жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруымыз қажет, — деді Асқарбек Ертаев.
Айта кетелік елде ең төменгі жалақы мөлшері 90 мың теңгеден асуы мүмкін екенін жазған едік.