Қазақстан хоккей құрамасы жолдастық кездесуде Словениядан басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Словениямен жолдастық кездесуде басым түсті.

Фото: Қазақстан хоккей федерациясы

Бұл ойын Польшаның Тыхы қаласында өтті.

Кездесу барысында словениялық хоккейшілер алғашқы болып есеп ашты. Бұл голды 35-минутта Марк Севердің пасынан кейін Май Кренкич қақпаға енгізді.

Ойынның 39-минутында әріптесі Всеволод Логвиннің пасын қазақстандық Дмитрий Бреус голға айналдырды. Ал 58-минутта қазақстандық Роман Старченко кездесу нүктесін қойды. Оған әріптесі Аркадий Шестаков пас шығарып берді. Осылайша отандастарымыз қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.

Айта кетсек, қазақстандық хоккейшілер алғашқы оқу-жаттығу жиынын 17 сәуірге дейін Астана қаласында өткізді. Одан кейін Беларусьте 26 сәуірге дейін дайындық жүргізді.

Қазақстан құрамасының тізімі

Қақпашылар: Никита Бояркин, Андрей Шутов (екеуі — «Барыс», КХЛ), Владислав Нурек («Горняк», Рудный);

Қорғаушылар: Әділ Бекетаев, Дмитрий Бреус, Самат Данияр (барлығы — «Барыс» КХЛ), Тамирлан Гайтамиров, Артём Королёв, Бейбарыс Оразов, Кирилл Никитин (барлығы — «Номад», Астана), Фёдор Хорошев («Торпедо», Өскемен), Эдуард Михайлов («Сарыарқа», Қарағанды)

Шабуылшылар: Әлихан Әсетов, Дінмұхамед Қайыржан, Всеволод Логвин, Әлихан Өмірбеков, Кирилл Панюков, Кирилл Савицкий, Семён Симонов, Аңсар Шайхмедденов (барлығы — «Барыс», КХЛ), Артур Гатиятов, Кирилл Ляпунов, Батырлан Мұратов, Роман Старченко (барлығы — «Номад», Астана), Аркадий Шестаков («Адмирал», КХЛ);

Қазақстан құрамасының ойын кестесі

2 мамыр. Литва — Қазақстан

3 мамыр. Қазақстан — Жапония

5 мамыр. Қазақстан — Польша

7 мамыр. Украина — Қазақстан

8 мамыр. Қазақстан — Франция.

Аталған топта бірінші орын алған құрама 2027 жылы элиталық дивизионда бақ сынауға мүмкіндік алса, соңғы орынды місе тұтқан құрама В тобына түсіп қалады.