Турнирдің жалпы қорытындылық жинаған ұпай саны бойынша Қазақстан құрамасы Нагано Кубогын иеленіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, алғашқы кездесу барысында Қазақстан құрамасы Данияны 2:1 есебімен ұтса, екінші кездесуде жерлестеріміз айдын иелері болып табылатын жапондықтарды 3:1 есебімен тізе бүктірген болатын. Үшінші, қорытынды матчта Қазақстан құрамасы Словениялық қарсыластарына 1:4 есебімен есе жіберіп алған еді. Алайда осы матчпен қатар өткен ойында Дания құрамасы Жапонияны жеңіп, үш кездесудегі қорытынды ұпай саны бойынша Қазақстан хоккейшілері турнирдің бас бәйгесін қанжығасына байлады.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, аталған халықаралық туринирдің ең үздік ойыншысы болып Қазақстан құрамасының және «Барыс» клубының шабуылшысы Вадим Краснослободцев танылды.
Қазақстан құрамасы үшін «Нагано кубогы-2010» турниріне қатысу ағымдағы жылдың мамыр айында Германияда өтетін жоғары дивизиондағы командалар арасындағы әлем чемпионатына дайындық сатысы болып табылады. Құраманың бас бапкері Андрей Шаяновтың айтуынша, команданың басты міндеті - Нагано кубогын жеңіп алу. Ал стратегиялық мақсат - құрама ойыншыларының басын қосып, олардың әлем чемпионаты алдындағы дайындығын пысықтау.