НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының Финляндияда өтетін әлем чемпионатына дайындық жоспары жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, 13-29 мамыр аралығында Финляндияның Хельсинки және Тампере қалаларында топ-дивизиондағы хоккейден әлем чемпионаты өтеді.
Қазақстан құрамасы А тобында Дания, Канада, Германия, Швейцария, Словакия, Италия және Франциямен шеберлік байқасады.
Ал В тобында Финляндия, АҚШ, Чехия, Швеция, Латвия, Норвегия, Ұлыбритания және Австрия шеберлік байқасады.
Ұлттық құрама елордадағы «Барыс-Аренада» оқу-жаттығу жиындарын 17 сәуірден бастады.
Енді 3 мамырда ел құрамасы 29 хоккейшіден тұратын кеңейтілген құрамда Ригаға аттанып, онда әлемдік біріншілігіне дайындығын жалғастырады.
Ал 8 және 9 мамырда Латвиямен жолдастық кездесу өткізіп, 10 мамырда Финляндия астанасы Хельсинкиге жетеді.
Дүбірлі додадағы алғашқы матчын Қазақстан құрамасы 14 мамырда Данияға қарсы өткізеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.