Қазақстан хоккейшілері Дания құрамасынан басым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Хоккейден Қазақстанның ұлттық құрамасы Euro Ice Hockey Challenge турнирі аясында Дания құрамасын ұтып, екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Францияның Бриансон қаласында өтіп жатқан додада Ари-Пекка Селиннің шәкірттері Дания командасын 4:3 есебімен сан соқтырды. Тартысты басталған ойынның алғашқы кезеңінде-ақ жанкүйерлер 5 шайбаның соғылғандығына куә болды. Оның 3-еуін қарсыластар қақпасына Қазақстан хоккейшілері Роман Старченко, Федор Полищук және Михаил Паншин тоғытқан еді. Ал барынша тартысты өткен 2-ші кезеңде қарсыластар бір-біріне қарымта шайбасын салды. Қорытынды кезеңде тас қамал қорғанысқа көшкен командалар есеп аша алмады. Осылайша Қазақстан спортшылары даниялықтардан 4:3 есебімен басым түсті.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Ари-Пекка Селиннің шәкірттері Франция командасын 4:2 есебімен тізе бүктірген еді. Қазақстандықтардың сапынан Евгений Гасников, Роман Старченко, Алексей Литвиненко, Роман Савченко гол авторлары атанды.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан құрамасы Германиямен кездеседі. Ойын Астана уақыты бойынша сағат 21:00-де басталады.