Қазақстан хоккейшiлерi овертаймда АҚШ құрамасынан жеңiлдi - ӘЧ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Минскiде өтiп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан хоккей құрамасы АҚШ спортшыларымен болған ойында бiр ұпай олжалады. 'Минск-Арена' стадионында өткен ойын 4:3 есебімен АҚШ құрамасының пайдасына шешiлдi.

Алғашқы шайбаны 15-ші минутта қазақстандықтар салды. Оның авторы - Роман Старченко. Бiрақ 19-минутта бiр ойыншымыз 2 минуттық жазаға iлiгiп, қарсыластарға есептi теңестiрiп кетуге жол берiп қойды. Крэйг Смит қақпашы Алексей Ивановты алдап өтiп, АҚШ құрамасының осы ойындағы алғашқы голын салды.

Екiншi айналымда Константин Романовтың голынан кейiн Ари-Пекки Селин жаттықтыратын қазақстандық хоккейшiлер тағы да алға шыққан болатын. Дегенмен Михаил Паньшин қос минутқа айыпталып, Сэт Джонстың голмен ерекшеленуiне мүмкiндiк жасап алды. Кейiн Мэтт Донован АҚШ спортшыларын тiптi алға шығарды. Үшiншi айналымда Константин Романовты қақпа алдында жыққаны үшiн буллит тағайындалды. Бiрақ Романов америкалық қақпашыны алдап өте алмады. Дегенмен Қазақстан хоккейшiлерi 54-минутта үшiншi гол соғып, ойынды овертаймға ойыстырды. Овертаймда екiншi минутта гол авторы атанған Сэт Джонс қарсыластарға жеңiс әпердi. Осы матчтан кейiн Қазақстан еншiсiнде екi ұпай бар. Келесi ойынды Қазақстан құрамасы 17 мамырда Швейцарияға қарсы өткiзедi. Айта кетейiк, бұның алдында қазақстандық хоккейшiлер Германия құрамасынан овертаймда жеңiлдi, сосын Беларусь (1:4), Латвия (4:5) мен Ресей (2:7) ойыншыларына жол берiп қойды.