Отырысқа онлайн форматта ИАҚҰ-ға мүше 40 мемлекет пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Биылғы Бас ассамблея «Ынтымақтастық пен инновациялар арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында өтті. Бұл аграрлық сектор мен азық-түлік жүйелері алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерді еңсерудегі тәжірибелік серіктестіктің, цифрлық трансформацияның және халықаралық үйлестірілген іс-қимылдың маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.
Африка, Азия және Таяу Шығыс елдерінен келген мүше мемлекеттердің өкілдерінің қатысуымен 13 мамыр күні 7-ші Бас ассамблеяның жоғары лауазымды тұлғаларының отырысы өтті.
Ал, сессияның екінші күні, 14 мамырда, Бас ассамблеяға төрағалық ету ресми түрде Катар мемлекетінен Қазақстан Республикасына өтті.
Жиында сөз сөйлеген Бас ассамблея төрағасы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров геосаяси тұрақсыздық, климаттың өзгеруі және жаһандық логистикалық тізбектердің бұзылуы жағдайында азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі ислам әлемі елдері үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
— Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі тек ауыл шаруашылығының мәселесі ғана емес. Бұл мемлекеттердің орнықтылығы, әлеуметтік тұрақтылық және стратегиялық қауіпсіздік мәселесі. Осыған байланысты ИАҚҰ тек диалог алаңы ретінде ғана емес, сонымен қатар ынтымақтастық пен бірлескен бастамаларды іске асыратын тиімді тетік ретінде нығаюы тиіс деп есептейміз, — деді Айдарбек Сапаров.
Сонымен қатар ол Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөліне тоқталды.
Қазақстан әлемдегі астық экспорттаушы ең ірі 10 елдің қатарына кіреді, ұн экспортынан 2-орында, ал күнбағыс майын жеткізу бойынша 8-орында тұр. Жалпы егіс көлемі 24 млн гектарды құрайтын біздің еліміз соңғы екі жыл қатарынан 27 млн тоннаға жуық өнім жинап келеді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 15,3 млн тоннаға жетіп, Қытай, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттерін қоса алғанда, әлемнің 50 еліне экспортталады.
2026–2030 жылдарға арналған саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халал өнім экспортын кеңейтуге бағытталған кешенді жоспар аясында елде мал шаруашылығы саласын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айдарбек Сапаров ИАҚҰ сараптамалық және институционалдық өзара іс-қимыл алаңы ретінде өңірлік кооперацияны дамыту, жеткізу көздерін әртараптандыру және ұзақ мерзімді азық-түлік тұрақтылығын нығайту мәселелерінде белсенді рөл атқаруы тиіс екенін айтты. Қазақстан бұл бағыттағы жұмысқа аналитикалық сараптама, мазмұнды бастамалар және кәсіби диалог алаңдарын ұсына отырып, нақты үлес қосуға дайын екенін жеткізді.
Сессия барысында азық-түлік қауіпсіздігі мен инновациялар саласындағы Білім орталығын құру туралы бастама көтерілді.
Жаңа орталық ИАҚҰ-ға мүше барлық мемлекеттер үшін сервистік платформа ретінде жұмыс істейді деп жоспарланған.
Сонымен қатар Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдерінің ғылыми және зерттеу мекемелері арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуді қолдай отырып, Ұйымға мүше мемлекеттердің ұлттық аграрлық институттарының алғашқы форумын өткізу мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс жасады.
Бұдан бөлек 2027 жылды Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы аясында әйел аграрлық көшбасшылар мен жас агрокәсіпкерлер жылы (WAYA) деп жариялау және Жаһандық ислам азық-түлік қауіпсіздігі көрмесін өткізу ұсынылды.
7-ші Бас ассамблея аясында қатысушылар ұжымдық азық-түлік қауіпсіздігінің тиімді жүйесін қалыптастыруға, азық-түлік жүйелерінің тұрақтылығын нығайтуға және ислам әлемі елдерінде азық-түліктің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған 13 стратегиялық қарарды қарап, қабылдады.
Жиын қорытындысында Бас ассамблея төрағасы Айдарбек Сапаров ИАҚҰ алдында сапалы даму деңгейіне көшуге мүмкіндік беретін жаңа мүмкіндіктер ашылып отырғанын атап өтті.
— Қазіргі заманның сын-қатерлері бізден тек пікір алмасуды ғана емес, азық-түлік жүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мемлекеттеріміздің ұжымдық қауіпсіздігін нығайтатын ортақ тәжірибелік шешімдер қабылдауды талап етеді. Ынтымақтастық, өзара сенім және мүмкіндіктерді біріктіру қағидаттарына сүйене отырып, ИАҚҰ-ға мүше мемлекеттер азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы тиімді ынтымақтастық жүйесін қалыптастыра алады, — деді Айдарбек Сапаров.
Айта кетейік, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы АӨК саласындағы тауар айналымы 595 млн долларға жетті.