Отырысқа екі елдің мемлекеттік органдарының, «Атамекен» ҰКП-ның, дипломатиялық миссиялар мен бизнес өкілдері қатысты. Тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика, энергетика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, стандарттау және туризм мәселелерін талқылады.
- Индонезия — Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі экономикалық серіктестерінің бірі. Біз екіжақты қатынастарды жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүдделіміз. Екі ел арасында сауда-экономикалық, мәдени және басқа да салаларды қамтитын 26 келісім бар, — деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьер өткен жылдың желтоқсан айында қол қойылған ЕАЭО мен Индонезия арасындағы еркін сауда туралы келісімнің маңызын да ерекше атап өтті.
- Бұл — ЕАЭО мен АСЕАН-ның ең ірі экономикасы арасындағы стратегиялық көпір. Ол экспорт пен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға жаңа мүмкіндік ашады, — деді Серік Жұманғарин.
Қазақстан өзара жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейтуді және қолданыстағы сауда бағыттарын жандандыруды ұсынды.
Қазақстан тарапының мәліметінше, 20 тауарлық позиция бойынша экспорттық әлеует $60 млн-нан асады. Перспективалы бағыттардың қатарында Индонезияның болат құю және автомобиль өнеркәсібіне қазақстандық ферроқорытпаларды жеткізу, сондай-ақ астық экспортын ұлғайту аталды.
-Биыл Индонезияның бидай импортына деген сұранысы 13 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін. Қазақстан Индонезияның ұн өндіру өнеркәсібіне жоғары сапалы, желімтегі жоғары бидайды тұрақты түрде жеткізуге дайын, — деді Серік Жұманғарин.
Тараптар халал өнімдері саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударды. Қазақстан Индонезия нарығына сиыр еті, қой еті және ет консервілерін жеткізу көлемін арттыруға дайын екенін мәлімдеді. Экспорттық әлеуеттің мысалы ретінде Серік Жұманғарин «Қайып ата» ЖШС жобасын таныстырды.
- Бүгінде біз Орталық Азиядағы сиыр етін жеткізуші жетекші елдердің біріміз. Екі жыл бұрын австралиялық әріптестердің тәжірибесін зерттеп, оны Қазақстанда енгіздік. Нәтижесінде елімізде 50 мың бас малға арналған толық циклді ең ірі кластер құрылды, — деді ол.
Индонезия тарапы азық-түлік қауіпсіздігі, халал индустриясы және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытатынын растады.
- Біз инвестиция, энергетика, цифрлық трансформация, туризм, стандарттау, денсаулық сақтау салалары мен бизнес қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимыл бағыттарында бірқатар екіжақты бастамалар бойынша ілгерілеу барын атап өткіміз келеді, - деп атап өтті Индонезияның Экономикалық істер жөніндегі үйлестіруші министрі Аирлангга Хартарто.
Сондай-ақ, Аирлангга Хартарто Индонезия мен ЕАЭО арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау процесін жеделдетуді қолдап, Индонезия–ЕАЭО Іскерлік кеңесін құруды ұсынды. Стандарттау саласында тараптар Қазақстанның стандарттау және метрология институты мен Индонезияның Ұлттық стандарттау агенттігі арасындағы меморандумды әзірлеу мәселесін сөз етті.
Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы көлік байланысын дамытуға да ерекше назар аударылды. Тараптар мультимодальды көлік бағыттарын және Ляньюньган дәлізі арқылы контейнерлік теміржол қатынасының пилоттық жобасын талқылады. Туристік қатынас та артып келеді.
Қазақстаннан Индонезияға барған туристер саны 2023 жылғы 8,2 мың адамнан 2025 жылы 24,4 мың адамға дейін өсті. Отырыс қорытындысында Қазақстан мен Индонезияның экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының екінші отырысының хаттамасына қол қойылды.
Жиында Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Индонезия делегациясын Индонезияның Экономикалық істер жөніндегі үйлестіруші министрі Аирлангга Хартарто басқарды.
Осыған дейін Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес аясында Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер, сондай-ақ Индонезия Республикасы арасында Еркін сауда туралы келісімге қол қойылғаны туралы жаздық.