Қазақстан индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында инновациялық дамудың негізгі үш бағытын қарастырады - ИЖТМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Қазақстанның индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында инновациялық дамуының негізгі үш бағытын қарастырады.

Бұл туралы бүгін VII Астана экономикалық форумы аясында өтіп жатқан ІХ Инновациялық конгресте Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Ерлан Сағадиев айтты.

«Алға қойған міндеттерді шешу үшін біз негізгі үш жолды қарастырып отырмыз. Олар - озық технологиялар трансфері, технологиялық құзыретті арттыру және инновацияларға деген сұранысты ынталандыру», - деп атап өтті вице-министр.

Оның айтуынша, озық технологиялар трансфері бойынша барлық басым бағыттардағы стратегиялық маңызы бар жобаларды алға жылжыту, соның ішінде инновациялық гранттар ұсыну арқылы ықпалдасу шаралары ұсынылып отыр. Сондай-ақ, бұл жағдайда бизнестің қызығушылық танытуы және қосымша қаржыландырылуы негізгі критерий болмақ.

«Ал технологиялық құзыреттерді жоғарылату ЖОО, технопарктер немесе «инновациялық шеберханалар» деп аталатын орындардың жанынан ортақ инженерлік жұмыс, автоматтандыру орталықтары, фаб-зертханалар құру арқылы қамтамасыз етілетін болады», - деп атап өтті Е. Сағадиев.

«Үшінші бағыт бойынша, инновацияларға сұранысты арттыру үшін салықтық ынталандыруды, техникалық және экологиялық стандарттарды Кеден одағы мен Еуропалық одақтың жүйелерімен біріздендіру арқылы күшейтуді қарастыру қажет», - деп мәлімдеді вице-министр.

Инновациялық конгрестің қорытындылары бойынша шетелдік серіктестермен бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қойылады.

Айта кетейік, шараны жыл сайын ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ ұйымдастырып келеді. Биылғы конгреске әлемнің 12 елінен 400-ден астам делегат қатысуда.