Қазақстан инфрақұрылымды жаңғырту арқылы өнеркәсіп кооперациясын дамытпақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Минск қаласында «ИННОПРОМ. Беларусь» халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысты. Үкімет жетекшісі көрменің экспозициясымен, сондай-ақ ұсынылған өнеркәсіптік және технологиялық шешімдермен танысып, пленарлық отырыста сөз сөйледі. Бұл туралы Үкімет мәлім етті.

Фото: Үкімет

Олжас Бектенов әлемдік экономиканың терең трансформациясы және жаһандық өндірістік тізбектердің жаңаруы жағдайында елдердің құзыреттерді, инвестициялар мен технологияларды біріктіру қабілеті айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

Фото: Үкімет

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Қуатты әрі Озық Қазақстанды құру бағыты аясында ел экономикасы шикізаттық моделден қосылған құны жоғары өңдеу өндірістерін дамытуға жүйелі түрде бет бұрып келе жатқанына баса назар аударылды. Бүгінде олардың ел өнеркәсібіндегі үлесі 46,7%-ға жетті.

Премьер-министр өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған және инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған ауқымды құрылыс бағдарламасын жүзеге асыру мәселесіне баса назар аударып, Қазақстанның бірлескен өндірістер құруға және жабдықтар шығаруды локализациялауға мүдделі екенін атап өтті.

Фото: Үкімет

— Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша еліміздің инфрақұрылымын кең ауқымда жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Үкіметтің алдына тұрақты экономикалық өсім мен азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін қажетті инфрақұрылымдарды озық қарқынмен дамыту міндеті қойылды. 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар аясында $90 млрд-тан астам сомаға жобаларды жүзеге асыру көзделген. Нақты айтқанда біз энергетика, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік нысандарды қамтитын үлкен құрылыс бағдарламасы туралы сөз етіп отырмыз. Бұл өнеркәсіп кооперациясын дамытуға, жаңа кәсіпорындар құруға және тұрақты өндірістік тізбектерді қалыптастыруға елеулі серпін береді, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Цифрландыру контекстінде бүгінде Қазақстанда технологиялық инфрақұрылым дамып, өнеркәсіптік трансформация үшін толыққанды экожүйе қалыптасып жатқаны атап өтілді. IT-қызметтер экспортының көлемі қазірдің өзінде $1,1 млрд-тан асты. Alem.Cloud және AL Farabium суперкомпьютерлік кластерлерінің, Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығының болуы, сондай-ақ «ДӨО алқабы» жобасын салудың белсенді кезеңге өтуі өнеркәсіптік жасанды интеллектіні, кәсіпорындардың цифрлық сыңарын енгізуге және роботтандыруға мықты негіз қалыптастырады. Бұдан бөлек, Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дәйекті дамыту және негізгі транзиттік дәліздерді жаңғырту жүргізілуде, бұл жеткізу мерзімдерін қысқартуды қамтамасыз етеді және бүкіл Еуразияның өнеркәсіптік кәсіпорындары үшін жеткізілімдердің экономикалық тиімділігін арттырады.

Фото: Үкімет

Пленарлық сессияға Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин, Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев, сондай-ақ Никарагуа өкілі қатысты.

Бұған дейін Қазақстанның инновациялық өнімдері халықаралық көрмеде таныстырылғанын жаздық.