Қазақстан инфрақұрылым сапасы бойынша Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингінде 57-ші орынға көтерілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылы 2014 жылға қатысты ЖІӨ 15,7 пайызға өседі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру мәселесіне арналған брифингте ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов мәлім етті.

«Бағдарламаны іске асыру келесі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, яғни 2019 жылы 2014 жылға қатысты жалпы ішкі өнімнің 15,7 пайызға өсуін қамтамасыз ету. Сонымен қатар 2015-2019 жылдары 395,5 мың адамға арналған жұмыс орындарын құру, оның ішінде тұрақты - 86,9 мың адам, уақытша - 308,6 мың адам жұмыспен қамтылады», - деді Құсайынов.

Оның сөзіне қарағанда, 2019 жылы базалық инфрақұрылым сапасы бойынша еліміз Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингінде 57-ші орынға дейін көтерілуді жоспарлап отыр.