ОРАЛ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес Оралдағы Қазақстан Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің 42 студентіне білім гранттары табыс етілді.
Университеттің атқарушы ректоры, профессор Нұрия Хабибуллинаның ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, бұлардың бәрі де - үшінші және төртінші курстарда үздік оқитындар. Олар болашақта қазіргі таңда аса қажет радиотехника, телекоммуникация, есептеу техникасы және бағдарламалық қамту, автоматтандыру және басқару сынды мамандықтарды меңгермекші.
Жалпы, университетте қазіргі таңда 3 мыңнан астам студент білім алса, экономика және ақпараттық технологиялар колледжінде 4,5 мың шәкірт оқиды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).