«Инвестиция мен сауданың ашықтығы саясатын қабылдау арқылы Қазақстан және басқа да еуразиялық экономикалар соңғы 20 жылда үлкен табысқа қол жеткізді. Инфляция төмендеп, айтарлықтай экономикалық өсім байқалды, кедейшілік азайды және көпжақты сауда жүйесі осының бәріне ықпал етеді. Бұл бағытта Қазақстанның қолдауы өте маңызды», - деп атап өтті Роберту Азеведу Астанада Даму мақсатында саудаға және инвестицияларға жәрдемдесу мәселелеріне арналған жоғары деңгейлі форумда.
Сондай-ақ, ДСҰ бас директоры сауданың жаһандық өсімі болжамын қайта қарағандарын хабарлады.
«ДСҰ сауда өсімі болжамын қайта қарайды. Атап айтқанда 3,9 % өсімді болжап отырмыз және мұны жақсы өсім деп санаймыз. Жаһандық сауда соғысын қоса алғанда, бірқатар жағдайды болжап көрдік. Егер барлық мемлекеттер серіктестіктің болмауынан тарифтер орнатса, бұл жаһандық сауда нарығын 17%-ке, ал ЖІӨ өсімін 7,5%-ке қысқартады", - деп түсіндірді Р. Азеведу.
ДСҰ басшысы жағдайды жақсартуға күш салу қажеттігін атап өтті.
«Бұл жағдайда тәжірибе қолданыла бермейді және жүйені өзгерту қажет. Ең жоғары саяси деңгейде шешімдер қабылдануы керек деп ойлаймын. Біздің бүгінгі талқылауымыз ақпараттық технологияларды ілгерілетуге, Еуразия аймағындағы мәселелерді шешу жолын көрсетуге септігін тигізеді", - дейді Азеведу.
Оның айтуынша, 2017 жылы шетелдік инвестициялар ағынының жалпы көлемі 20% қысқарған.
«2018 жылға болжамымыз анағұрлым жақсырақ. Әйтсе де, экономика мен сауда өсімі әлі анықталмай отыр. Шикізат бағасының артуынан жаһандық тікелей шетелдік инвестициялар көбейетін шығар. Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту бойынша елеулі табыстарға қол жеткізді. Біз ДСҰ мүшелері ретінде не істей аламыз? Мұнда жаһандық деңгейде жәрдемдесу маңызды рөл атқарады. ДСҰ кейбір мүшелері ұйымның инвестицияларға қайда және қалай жәрдемдесе алатыны туралы құрылымдық талқылаулар өткізеді. Мұндай талқылаулар халықаралық сауда жүйесі мен бизнес қолданушыларының, кәсіпкерлердің алдындағы сын-тегеуріндерді болжауға көмектеседі», - деп мәлімдеді Роберту Азеведу.
Еске сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ДСҰ бас директоры Роберту Азеведумен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымының елдер арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайтуды және кеңейтуді көздейтін басты қағидаттарын Қазақстанның толық қолдайтынын атап өтті.