«Қазақстан инжиниринг» биыл PREDATOR санатындағы ұшқышсыз ұшақтардың өндiрiсiн жолға қоймақ
18:05, 06 Маусым 2014
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл соңына дейiн «Қазақстан инжиниринг» PREDATOR санатындағы ұшқышсыз ұшақтардың өндiрiсiн жолға қоюды жоспарлауда. Бұл туралы бүгiн «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Болат Смағұлов мәлiм еттi.
«Бiз биыл ұшқышсыз ұшақтардың өндiрiсiн iске қосамыз. Қазақстан америкалық «Дженерал Анатомик» компаниясымен PREDATOR санатындағы ұшқышсыз ұшақтарды шығару жөнiнде келiстi. Олар әлемнiң ең озық ұшақтары деп саналады», - дедi компания басшысы.
Оның айтуынша, тиiстi келiсiмшартқа қол қойылған және зауыт Астана маңында салынуда.
«Онда 2 сағат әуелей алатын кiшкентай ұшқышсыз ұшақтармен қатар, 18-24 сағат ұшуға қауқарлы ұшақтар да құрастырылады. Олар ТЖМ үшiн аумақты шолу үшiн және әскери мақсаттарға да қолданылады», - деп атап өттi ол.
Бағдарламалық қамтамасыз ету өнiмдерi Қазақстанда жасалады, ал өндiрiске қажеттi бөлшектер Израиль, АҚШ және Еуропа елдерiнен әкелiнбек.