«Қазақстан инжиниринг» компаниясының қандай активтері жекешелендірілді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстан инжиниринг» компаниясының үш кәсіпорны жекешелендірілмейтін болды. Бұл жайында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысын қайта қарауға қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймын. Үкіметтің аталған қаулысымен Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары, сондай-ақ жекешелендіруге жататын және бәсекелестік ортаға беруге ұсынылатын ұйымдардың тиісті тізбелері бекітілген, оның ішінде «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ (бұдан әрі – Компания) 8 активі: «Семей инжиниринг» АҚ, «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС, «Steel Manufacturing» ЖШС, «С.М. Киров атындағы машина жасау зауыты» АҚ, «Тыныс» АҚ,» «ҚИ» 811 Автожөндеу зауыты» АҚ, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ және «Мұнаймаш» АҚ», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның дерегінше, қазіргі уақытта мамандандыруды, еңбек ұжымын және жұмыс орындарын сақтау бойынша негізгі шарттар қойылып, бәсекелестік ортаға конкурстық негізде сату арқылы «Тыныс» АҚ, «ҚИ» 811 Автожөндеу зауыты» АҚ және «Мұнаймаш» АҚ берілді.

«Тұтастай алғанда, бұрын жеке басқаруға берілген қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарының қызметіне мемлекеттік мониторинг олардың қосарланған мақсаттағы өнімнің жаппай өндірісін одан әрі масштабтай отырып, озық әзірлемелердің көпшілігін іске асырғанын көрсетеді. Сонымен қатар, еліміздің Қарулы Күштері мен әскери қауіпсіздігінің жауынгерлік қабілеттілігінің мүдделерін ескере отырып, жоғарыда көрсетілген тізбелерден (Үкіметтің 2022 жылғы 2 тамыздағы № 523 қаулысы) компанияның 2 стратегиялық мақсаттағы әскери техниканы шығаратын компанияның үш кәсіпорны – «Семей инжиниринг»АҚ (танк жөндеу зауыты), «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС (авиажөндеу зауыты), «Steel Manufacturing» ЖШС (патрондар өндірісі) алып тасталды. Бұдан басқа, бүгінгі күні Компания активтерін өткізу тәсілдері қайта қаралды. Олар бірінші кезеңде 51 пайыздан аспайтын үлесті және екінші кезеңде 49 пайызын сатуды көздейді», - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министрдің түсіндіруінше, бұл шара, ең алдымен, әлеуетті инвесторлардың қаражаты есебінен өткізілетін кәсіпорындардың өндірістік қуатын кеңейту, оның ішінде өндірілетін өнім номенклатурасын кеңейту, зауыттар аумағында оқу корпустар мен жатақханалар құру арқылы әлеуметтік жағдайларды жақсарту, қосымша инвестициялауды талап ететін басталған инвестициялық жобаларды іске асыруды жалғастыру мақсатында енгізілді.

«Қалған миноритарлық үлесті өткізу көрсетілген шарттар мен әлеуетті сатып алушының алдына қойылған міндеттерді іске асырғаннан кейін жоспарланады. Сонымен қатар, активтерді өткізу кезінде әлеуетті сатып алушыларға қызмет бейінін (мамандануын), штат санын сақтау, бар берешекті өтеу және басқа да бірқатар талаптар сияқты міндетті шарттар қою көзделеді. Әйтпесе, бұрын жасалған сатып алу-сату шарттары белгіленген тәртіппен бұзылады», - деді ол.