Қазақстан Иорданияның дрон құрастыру саласына қызығушылық танытты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Иорданияның дрон құрастыру саласына қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы бүгін Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты.
– Иорданиялық әріптестермен цифрлық даму, ақпараттық жүйелерді құру, eGov экожүйесімен бөлісу бойынша бірнеше әлеуетті жобамыз бар. Бұл елде дрон саласы жақсы дамыған. Осыдан бірнеше ай бұрын Иорданияға барып келдім. Олардың дрон саласын зерттедік. Дрон дизайнын, дрондарды құрастыру зауытын, ақпараттық жүйелерін, қосымшаларын көрдік. Олар осы тәжірибелерімен бөлісуге дайын, - деді министр.
Оның атап өтуінше, Иордания азаматтық та, әскери дрондар да шығарады. Дронға қарсы жүйесі де бар.
– Қазір біз дрондарды бірлесіп өндіру жайында уағдаластық деп отырғанымыз жоқ. Дегенмен, Қазақстан бұл тәжірибені жан-жақты зерделеп жатыр. Таяу болашақта Қазақстанда дрон индустриясы жақсы дамитындығын жоққа шығармаймын, - деді Жаслан Мәдиев.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Иордания Королін қарсы алғанын жазған едік.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королін Астана әуежайынан қарсы алған еді.
Мәртебелі мейман мінген бортты ел шекарасынан елордаға дейін Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары алып жүрді.