Қазақстан IPAF-ке төрағалық етеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ атынан International Public Asset Management Company Forum (IPAF) Азия даму банкі (ADB) қолдауымен жұмыс істейтін стресс-активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік ұйымдардың халықаралық платформасының төрағалығын ресми түрде қабылдады.

Фото: Проблемалық кредиттер қоры

Сондай-ақ еліміз 2026 жылы Астанада өтетін IPAF-тың 10-мерейтойлық саммитін өткізу құқығына ие болды.

Төрағалықты тапсыру рәсімі Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өткен IPAF-тың 10-семинары аясында өтті. Онда моңғол тарапы — Mongolian Asset Management Corporation (MAMCO) — төрағалықты Қазақстанға табыстады.

Төрағалыққа ие болу Қазақстанның IPAF қызметіне қатысуының заңды жалғасы. Бұған дейін 9-IPAF саммитінің қорытындысы бойынша «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ форумның толыққанды мүшесі мәртебесін алған болатын, бұл Қазақстанға стресс-активтерді басқару саласындағы халықаралық кәсіби күн тәртібіне неғұрлым белсенді қатысуға мүмкіндік берді.

Фото: Проблемалық кредиттер қоры

«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Байғазиев Нұржан Дамирұлының айтуынша, IPAF төрағалығын қабылдау Қазақстан үшін маңызды кезең және елдің проблемалық активтерді басқару саласындағы институционалдық сараптамасының дамуын көрсетеді.

— Егер протоколдық тұрғыдан емес, мазмұндық қырынан қарасақ, IPAF-тағы төрағалық ең алдымен елдің халықаралық кәсіби диалогқа тек қатысып қана қоймай, оны әрі қарай дамытуға қабілетті деңгейге жеткенін мойындау. IPAF — бұл қаржы жүйелерінің тұрақтылығы, стресс-активтерді басқару тәсілдері және жүйелік тәуекелдерді азайтудың практикалық тетіктері талқыланатын алаң. Осы тұрғыда төрағалық елдер арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды және тиімді практикалармен алмасуды ұйымдастыру жауапкершілігін білдіреді, — деді Нұржан Байғазиев.

IPAF Азия елдерінің мемлекеттік ұйымдарын, қаржы институттарын және активтерді басқару компанияларын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен жұмыс істемейтін кредиттерді (NPL) реттеу саласындағы кәсіби қауымдастықты біріктіреді.

Фото: Проблемалық кредиттер қоры

Қор өкілінің айтуынша, Қазақстанда өтетін IPAF-тың мерейтойлық саммиті жаһандық экономикалық тәуекелдердің артуы және қаржы нарықтарының трансформациясы жағдайында ерекше маңызға ие.

— Бүгінде стресс-активтерді басқару тақырыбы тек банк секторының шеңберімен шектелмейді. Пайыздық мөлшерлемелердің өзгеруі, инфляциялық қысым, геосаяси тұрақсыздық және жаһандық экономикалық үдерістердің трансформациясы қаржы жүйелерінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Осындай жағдайда елдерге практикалық тәжірибе алмасуға, заманауи реттеу тетіктерін талқылауға және тәуекелдерді басқарудың бірлескен тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік беретін халықаралық алаңдардың маңызы арта түседі, — деп атап өтті ол.

Фото: Проблемалық кредиттер қоры

Саммит аясында активтерді басқару процестерін цифрландыру, электрондық сауда алаңдарын дамыту, заманауи технологиялық шешімдерді енгізу, сондай-ақ стресс-активтер саласындағы халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аудару жоспарланып отыр. Іс-шараларға шамамен 14 елдің мемлекеттік және қаржы институттарының, халықаралық ұйымдардың, орталық банктердің, активтерді басқару компанияларының және қаржы нарығының кәсіби қатысушыларының өкілдері қатысады деп күтілуде.

«Проблемалық кредиттер қоры» мәліметінше, саммит бағдарламасына IPAF-тың Жыл сайынғы саммитін, жұмыс істемейтін кредиттерді (NPL) реттеуге институционалдық дайындық мәселелеріне арналған Халықаралық конференцияны, Инвестициялық форумды және IPAF Координациялық кеңесінің отырысын өткізу кіреді.