«Қазақстан ипотекалық компаниясы» ел аумағында 285 мың шаршы метр баспана салмақ

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ел аумағында жалпы құны 29 млрд. теңгені құрайтын 285 мың шаршы метр баспана салмақ.

Бұл туралы бүгін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы кеңінен талқыланған Үкімет отырысында Қазақстан ипотекалық компаниясының басшысы Сағындық Құсайынов мәлім етті.

«Облыс басшыларымен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2014 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша барлық өңірлерде тұрғын үй салу үшін 132 гектар жер телімі бөлінді. Алматы, Астана, Петропавл, Талдықорған, Қостанай, Ақтөбе қалаларында құрылысқа бөлінген жер учаскелерінің көлемі біршама артық», - деді ол.

Оның атап өтуінше, 2014 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сәйкес корпорацияда мемлекеттік сараптамадан өткен әрі құрылыс жұмыстарын жүргізуге дайын жалпы құны 10,5 млрд. теңгені құрайтын 100 мың шаршы метрлік тұрғын үй жобасы бар.

«2014 жылдың 1 сәуіріне дейін ол 11 млрд. теңге сомаға жалпы аумағы 104 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй жобасымен толығатын болады. Корпорация қазіргі уақытта сомасы 8 млрд. теңгені құрайтын 82 мың шаршы метр тұрғын үйді Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларында салуда. Қорыта айтқанда, корпорация қоржынында жалпы сомасы 29 млрд. теңгені құрайтын 285 мың шаршы метрлік тұрғын үй жобасы бар», - деді С.Құсайынов.