Қазақстан Ирактан елшілік ашу мәселесін қарастыруда

АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан Ирактан елшілік ашу мәселесін қарастыруда. Бұл туралы бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановпен Ислам ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы аясында болған кездесуден соң Ирактың Сыртқы істер министрі Хошиар Зебари мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда алқалы жиын өтіп жатыр. Осы жиынның қорытындысы бойынша дайындалған құжаттар мен жиын барысында айтылған мәселелердің барлығы ислам әлемінде үлкен маңызға ие болады. «Ирак Ислам Ынтымақтастығы ұйымының құрылтайшысы іспеттес. Осыған қарай Ирак осы ұйымның келесі жиынын өз елінде өткізуге мүдделі болып отыр. Біз оған қажетті мәселелердің барлығын алдын-ала талқылап, жиын ұйымдастыруға дайын отырмыз. Жүздесу барысында біз сонымен қатар мемлекетаралық қатынастарға қатысты кең ауқымды мәселелерді талқыладық. Бүгінде Қазақстанда Ирактың өз елшілігі бар. Енді біз Қазақстанның елшілігін Ирактан ашу жағын қарастырудамыз. Жалпы, жүздесу барысында мұнай, газ саласында екі жаққа да тиімді ұсыныстар жасалды»,-деді Ирак министрі.