Қазақстан Иран ядролық бағдарламасы бойынша Алматыда өтетін келіссөздердің келесі раундын табысты аяқтауға барын салады
Жақында осыған орай қазақстандық БАҚ-ты тіркеу де басталады. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев дәстүрлі апталық брифинг барысында мәлім етті.
Ресми өкілдің айтуынша, Алматыда 26-27 ақпан күндері өткен Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің кезекті раундының қорытындысы бойынша, келіссөз процесіне қатысушылар келіссөздердің кезекті раундын да Қазақстанда 5 -6 сәуір күндері өткізу туралы бірлескен шешім қабылдаған болатын.
«Біз өзіміздің Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерді Алматыда өткізу жөніндегі ұсынысымызды Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қосқан кезекті үлесі деп қараймыз. Алматыны таңдау - Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөз процесінің барлық қатысушыларының бірлескен пәтуәластығы болып табылады», - деді Алтай Әбибуллаев.
Қазақстан тарапы барлық тіркелген журналистерге «InterContinental Almaty» отелінің баспасөз орталығы мен баспасөз конференциясы залын ұсынады. Келіссөздердің өзі басқа ғимаратта жүргізіледі. Қазіргі кезде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі тарапынан шетелдік БАҚ өкілдерін тіркеу жүргізілуде, ол 2 сәуірде аяқталады.